Күнәнің кірінен тазарған жүрек Жаратқанның құдіретін жақыннан танып, күн өткен сайын Оған деген сүйіспеншілігі мен құрметі, құштарлығы арта түседі. Алла тағаланың сипаттарының сырына қанған сайын, Жаратушы өз құлын мейірімі мол илаһи бояуына малындыра түседі.
Мұндай марапатқа ие болған құлдың бойында өзгелерге деген өкпе-реніш, жек көрушілік пен кектің орнына мейірім мен кешірім, жақсы көру мен сүйіспеншілік сезімдері пайда болады. Жақсылық пен жарасымға, мейірім-шапағатқа талпынған адам қоршаған ортамен үйлесім тауып, бақытты ғұмырдың бастауына қол жеткізеді. Тәубенің осындай қасиетін білгендіктен болса керек, Пайғамбарымыз: «Егер сіздер күнә жасамайтын болсаңыздар, Алла күнә жасап, тәубе қылатын құлдарын жаратып, олардың тәубелерін қабыл алған болар еді» деген.
Тәубе – жасаған қателерін мойындаған соң, онымен бетпе-бет келу және қолмен істегенді мойынмен көтеру үшін жасалатын жауапты қадам.
Тәубе – жүрек, сезім, ақыл, білім, сөз және іс-әрекеттің Алланың ризалығы үшін бір арнада тоғысуы. Осылайша жүрек жақсылықтың көкжиегіне бет алып, ақыл ақиқатты сезініп, сезім жаратылысқа мойынсұнып, болмыс атаулы жақсылыққа үндеп, құл қолын жайып, Жаратқанға жалбарынып, еріксіз егіліп, көз жасын көлдетеді.
Тәубе – адам баласының өткен өмірінде жасаған жамандықтарының болашағына тұсау салуына мүмкіндік бермеу үшін, күнә атаулыға тосқауыл қойып, жақсылық пен әдемілікке талпынуы.
Тәубе – адамды тұншықтыруға талпынған жаман істердің кесапатынан құтылып, өткеннің келешекті құрдымға итермелеуіне жол бермеу. Жан-жаққа жағымсыз сезілетін күнәнің күлімсі иісінен неғұрлым тезірек қашып, нұрға малынған тұп-тұнық таза ауамен тыныстауға талпыну.
Тәубе – адам жанының психологиясымен етене байланыста болатын ең мықты шипа көзі. Ол – адамның өмірін өзгертетін келелі кезең. Тәубе алдымен жүректе басталып, ақыл мен болмыста өрбіп, іс-әрекетпен шарықтау шегіне жетеді. Тәубе адамға өмірінің ақ жолағын ашуға мүмкіндік беріп, оны Алланың мейіріміне қауыштырады.
Тәубе – сезімнен жеңіліс тапқан нәпсінің қатесін түсініп, әу бастағы болмысына қайтуы. Күнәлардың кесірінен тозаққа бет алған қисық жолдан шығып, аятта айтылғандай, Жаннаттың жолына бет бұруы.
Тәубе – күнәға мойынсұнбай, жүрек тыныштығымен үміттің желкеніне жабысып, алға адымдау.
Тәубе – тақуалықтың табалдырығы. Қателіктерін байқаған құл одан қашып, күнәларының тұтқыны болып, көзімен жер шұқымай, керісінше, тәубесі арқылы күнәмен бетпе-бет жүздеседі. Жіберген қателіктері үшін басқаларға кінә тағып немесе сол кездегі өмір шарттарын сылтауратуды қойып, жауапкершілікті өз мойнына алады. Бар жігерін жинап, батылданып, күнәсімен көзбе-көз келіп, оның себебін анықтап, саналы түрде одан бас тарту арқылы жанын жегідей жеген дертінен құтылады. Кешірілу арқылы кешірімді үйренген адам қателескен кезде басқаларға кінә тағуды тоқтатып, ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзінің осал тұстарын тауып, одан құтылудың жолын іздейді. Жаман әдеттерін жақсы қасиеттерге алмастырады. Ол әрдайым қателікке бой ұрған кезде осылай жасауды өмірлік қағидасына айналдырады.
Тәубе – адамның шайтанның азғыруы мен құлқынның қалауына қарсы тұруда өзінің осал тұстарын көре білуі, әлсіздігін мойындап, көз жасына ерік беріп, шарасыздықпен шарқ ұрып, Алланың мейіріміне сиынуы.
Тәубе – адам баласының көз жасымен жазған өтінішін Жаратқанға жеткізуі. Өкініштің жалынына шарпылған жүректің сыздап, жан азабымен кірерге тесік таппай қиналған күнәһар құлдың ұяттан өртеніп, Алланың алдында жанарын тайдыруы.
Тәубе – құлдың күнәмен күресіп, нәпсімен есептесіп, жүректің жарасын емдеп, күнәдан болған жараны жамап, жан тыныштығына қауышуы.
Тәубе – күнәмен кірленген өткен күннің көз жасымен жуылып, тазарып, өмірдің тап-таза жаңа бетінің ашылуы.
материал «Күнәдан арылудың жолы – тәубе» кітабынан алынды,
ummet.kz