22
Жұма,
Қараша

һижри

Кәпір және күпірліктің түрлері

Кәпір және күпірліктің түрлері

Иман келтіру

Аллаға және пайғамбарларына сенбеген діннің әмір мен тыйымдарына қарсы келген, жаратылыс ақиқатын мойындамаған кісіге «қабыл етпеуші, қарсы келуші, жоққа шығарушы» деген ұғымдарға келетін «кафир» (кәпір) атауын береді.

Күпірлік тек Аллаға, пайғамбарына сенбеу ғана емес, діни үкімдердің қандай да біреуіне қарсы келумен де орындалады. Адамзат тарихындағы Алланың бар және бір екендігіне сенбеуші, пайғамбардың хақ екендігін қабыл етпеуші «материалист» немесе «атеист» жандар діни тұрғыдан алғанда кәпір болып есептеледі. Құран Кәрім кәпірлер жайында өте көп сөз қозғайды. Құранда Аллаға сенбеушілер, Оған қарсы келушілер туралы айтылмаған сүрелер кемде‑кем десек артық айтқандай болмаспыз.

Алла Тағала өзіне сенбеген яки қарсы келген пенделерге ақыреттегі азабын баян ете келіп, олардың жан түршігерлік азапқа душар болатындығын аяттарында нақты айтады. Кәпірлер жайында айтылған кейбір аяттарды келтірер болсақ: «Расында сондай қарсы келгендер және қарсы болған күйде өлгендер, міне соларға Алланың лағынеті әрі періштелердің және барша адамдардың лағынеті болады» (2.Бақара-161).

«Негізінен ондай аяттарымызға қарсы шыққандарды жедел тозаққа саламыз да, олардың терілері жанған сайын азапты татулары үшін оны басқа терілерге ауыстырамыз. Шәксіз Алла тым үстем, хикмет иесі» (4.Ниса-56). «Күдіксіз аяттарымызды жасынға айналдырып, одан өздерін жоғары көргендерге көктің есіктері ашылмайды. Олар түйе иненің көзінен өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Күнәһарларды осылай жазаландырамыз. Оларға оттан төсек және үстерінде жамылғылар бар. Залымдарға осылайша жаза береміз» (7.Ағраф, 40 – 41). «Әй, пайғамбар! Кәпірлермен және мунафиқтармен күрес. Оларға қатаң бол. Олардың орны тозақ, қайтып барар орны қандай жаман» (9.Тәубе-73).

«Сөзсіз күнәһарлар тозақтың азабында мәңгі қалады. Олардың азабы жеңілдетілмейді де, олар онда күдер үзген түрде қалады» (43.Зухруф, 74-75). Пайғамбарымыздың да өмір бойы Алла Тағалаға сенбеушілермен күресіп келгендігі мәлім. Бірақ, Алла дінсіздерге үгіт-насихат дарымайтындығын айтып, олар үшін қайғырмауды мына бір аятпен түсіндіріп өтеді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Расында қарсы болғандарды үгіттесең де, үгіттемесең де бәрібір. Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректерін, құлақтарын бітеген, әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін зор қинау бар» (2.Бақара, 6 – 7).

Оқырмандарымыз бұл жерде: «Аллаға иман етпегенімен мұсылмандардан да жақсы мәміле жасаған, қолынан келген жақсылығын аямаған басқа дінде де адамдар баршылық, бұлардың жасаған жақсылығы ақыретте есептеле ме, әлде олар да кәпірлер секілді азапқа ұшырай ма? Азап шегетін болса жазығы не?» деген сауал қоюлары мүмкін. Бұл сұраққа төмендегіше жауап беруге болады: Біріншіден: Аллаға және иман негіздеріне иман етпегендігі үшін олардың жасаған жақсы амалдары ақыретте өздеріне ешқандай пайдасы болмайтындығы мына аяттан белгілі болып тұр: «Негізінен қарсы келіп, кәпір күйінде өлгендер олардың әрбіреуі жер беті тола алтын төлесе де әсте қабыл етілмейді. Міне солар үшін күйзелтуші азап бар. Сондай-ақ оларға ешбір жәрдем жоқ» (3.Али Имран-91).

Екіншіден: Әлгіндей кісілер Әбу Тәлібтің Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) жасаған жақсылығындай жақсылық жасамаған болар? Әбу Тәліб Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) пана болып, ислам дінінің қуат алуына едәуір көмек көрсеткенімен бұл дүниеден имансыз кетті. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол кісіге өлер алдында қаншама рет жалбарынды:

- Уа, көкешім! Өлместен бұрын кәлимә шахадат айтшы. Ертең ақыретте Алла Тағаланың алдында сенің мұсылмандығыңа куәлік етейін,- деді. Сонда Әбу Тәліб: - Мен ата-бабаларымның ұстанған дінімен өлемін. Егер мен сенің дініңді қазір қабыл етсем, Құрайыштар мен өлген соң Әбу Тәліб өлімнен қорыққандықтан, Мұхаммедтің (с.а.у.) дінін қабылдады деп, сөз айтатындығын білемін, - деп иман етпеген еді. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) иман етпестен дүниеден өткен көкесі үшін Алладан истиғфар тілеп, дұға еткенде мына аят түседі: «Мұхаммед (с.а.у.) расында жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады. Сондай-ақ Ол тура жол табатындарды жақсы біледі» (28. Қасас-56). Артынан мына аят тағы түседі: «Пайғамбарға және муминдерге тозақтық екендігі өздеріне білінгеннен кейін егер жақындары болса да мүшриктер үшін жарылқау тілеулеріне болмайды» (9.Тәубе-113). Бұл аят қаншама жақсылық жасаған, 8 жасынан бастап, 50 жасына дейін мүшриктерден қорғап өткен Әбу Тәлібтің тозақтық екендігін білдіреді. Олай болса иман етпеген соң, салих амалдың ешқандай пайдасы жоқ екендігін ұмытпайық.

Күпірлік ету де өз кезеңінде кейбір себептермен болып жатады. Соған байланысты күпірдің мынадай түрлері болады:

а) Куфри инкари (түбегейлі қабыл етпеу)

Қандай да бір кісінің Алланың бар екендігін, Хазіреті Мұхаммедтің хақ пайғамбар екендігін және Алладан әкелген діні мен діни үкімдерді түбегейлі қабыл етпеуі ‑ «куфри инкари» болады. Ондай кісілер жайында Құран былай дейді: «Расында қарсы болғандарды үгіттесең де, үгіттемесең де бәрібір. Олар иман етпейді» (2.Бақара-6).

б) Куфри жухуд (біле тұра қабыл етпеу)

Жүрегімен Алланың бар және бір екендігін қабыл етіп, тілімен, сенімін айтпай иман етуге ыңғай танытпаған адамның күпірлігін «куфри жухуд» дейміз. Мысалы, шайтаның күпірлігі мен Фирғауынның күпірлігі осыған жатады.

в) Куфри инади (қырсықтықтан туындаған күпірлік)

Алланың тәңірі екендігін жүрегімен біліп, бірақ Алланы тәңірі ретінде мойындауға келгенде шен-шекпен, лауазым, қызметінен айырылып қалудан қорқып, исламды дін, Алланы тәңірі ретінде қабылдамайтындығын айтқанға «куфри инади» дейміз. Мысалы, Әбу Тәлібтің Құрайыштардың «Әбу Тәліб өлімнен қорыққандықтан Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) дінін қабылдады» деп айтатын сөзі үшін иман етпеуі күпірліктің осы түріне жатады.

г) Куфри нифақ (екі жүзділіктен туындаған күпірлік)

Адам иман негіздеріне жүрегімен сенбестен, өтірік, сырт көзге жағыну мақсатында тілімен сенгендігін айтқанды «куфри нифақ» дейміз. Мунафиқтардың күпірлігі осыған жатады.

материал «Иман негіздері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: