Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүминдерді тәкаппар болудан тыйып отырған.
Абдуллаһ ибн Мәсғудтан жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с): «Жүрегінде титтей де тәкаппарлық ұшқыны бар адам жәннатқа кіре алмайды», – деген сәтте маңайындағы сахабалардың бірі: «Уа, Алланың Елшісі, кез келген адам үстіндегі киімінің жарасымды, әдемі болғанын қалайды ғой. Бұл да тәкаппарлыққа жата ма?» – деп сауал қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шынымен Алла Тағала аса көркем, көркемдікті сүйеді. Ал, тәкаппарлық болса, ақиқатты мойындамау әрі өзгелерді менсінбеу», – деп жауап береді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тозақ отының отынына айналатындардың тасжүрек, дөрекі мінезді, дүниеқор əрі тәкаппар жандар болатынын мына хадисте білдірген: «Сендерге жаһаннамға баратындардың кім екенін айтайын ба? Олар қайырымсыз, дөрекі, сараң әрі кердең басқан тәкаппарлар». Демек, мұсылман жүріс-тұрысын ой елегінен өткізуге, жақсы амалдарының санын көбейтіп, жұмаққа жетуге, тозаққа бармау үшін менмендіктен арылуға бар күшін сарп еткені абзал. Бірқатар хадистерде тәкаппарлыққа бой алдырған адамдарға қиямет күні Алланың рақымшылықпен қарамайтыны, оларға қорқынышты азап дайындағаны, ұлылықтың Аллаға ғана тән екені баяндалған. Әбу Хұрайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағала қиямет күні көйлегінің етегі жерге шұбалып паңданған адамның жүзіне зер салмайды», – дейді. Пайғамбарымыздың заманында тірі пендені көзге ілмей, астамсыған адамдар киімдерінің етегін өте ұзын етіп тіктіруші еді. Әбу Хұрайрадан жеткен тағы бір хадисте Расулалла (с.ғ.с) былай деген: «Үш адаммен Қиямет күні Алла Тағала тілдеспейді, оларды есіне алмайды, тіпті назарын да салмайды. Осы үш топ қорқынышты азапқа душар болады. Олар зинақор қария, өтірікші патша, тәкаппар кедей». «Кімде-кім тәкаппарлануды əдетке айналдырса, залымдар қатарын толықтырады. Сөйтіп, залымдарға берілген жаза оған да кесіледі», – деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) менмендіктің ақыры зұлымдыққа соғатынын айтқан.
Кішіпейілдік танытпаған адам бұл мінезін тыймаса, күндердің күнінде өзін паң ұстайтын залымға айналатыны хадисте баяндалған: «Шынында Алла Тағала сендердің кішіпейіл болуларыңды бұйырып маған уахи етті. «Бір-біріңе тәкаппарланып мақтанбаңдар, бір-біріңе қысым көрсетіп ренжітпеңдер», – деді». Ендеше, Құран арқылы оқиғасы кейінге ой салар қиссаға айналған залым Қарун, перғауын мен оның уәзірі Хаман сияқты астамшылықтың шегінен шығып, кісі ақысын батпандап жегендерге берілер жазаның кесапатынан қорқып, олардан сабақ алуға тырысуымыз қажет.
материал «Ала жіпті аттама» кітабынан алынды,
ummet.kz