Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Ұлы Алла – шексіз әділет иесі. Сол себепті Алла Тағала мұсылман мен кәпірді, жақсы мен жаманды тең тұтпайды. Әркімнің жасаған іс-әрекетіне қарай сый яки жазасын береді. Шынайы әділдік тек ақыретте Алланың құзырында ғана болады.
Сондықтан пенде махшар алаңында жасаған амалына есеп береді. Алла Тағала мұсылман мен кәпірдің, жақсы мен жаманның тең емес екендігін аятта былай деп келтіреді: «Көк пен жерді әрі екі арасындағыларды босқа жаратпадық. Ол қарсы келгендердің ойы. Сондықтан оттан азап болатын қарсы келгендерге қандай өкініш. Немесе иман келтіріп, ізгі іс істегендерді жер бетіндегі бұзақылардай қыламыз ба?» (37.Сад, 27-28).
«Соқыр мен көруші тең емес. Сондай-ақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер мен жамандық істеушілер де тең емес. Аз ғана түсінерсіңдер. Расында қиямет сағаты келеді. Онда шәк жоқ. Бірақ адамдардың көбі сенбейді» (40.Ғафыр, 58-59).
Махшар алаңында әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылған соң, Алла Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Хазіреті Пайғамбарымыз бір ха-дисінде әрбір адамнан мына бес сұрақ міндетті түрде сұралатындығын айтады:
1. Өмірін қайда өткізгендігі.
2. Жастық шағын қалай өткізгендігі.
3. Мал-дүниесін қандай жолмен тапқандығы.
4. Мал-дүниесін қалай жұмсағандығы.
5. Білгендерімен амал етіп-етпегендігі (Тирмизи, Қиямет, 1 бөлім, 2416 хадис).
Пенде Алланың құзырында есеп беру кезінде жасаған қылмысын мойындамай жалтарғанда, амал дәптері ұсынылады да бүкіл ісі әшкере етіледі. Пенде сонда да мойындаудан жалтарған сәтте оның он екі мүшесіне тіл бітіп, Алланың құзырында жасаған қылмыстарын тізбектеп айта жөнеледі. Аятта осындай сәттің хақтығын былай түсіндіреді: «Сол күні Алланың дұшпандары тозаққа айдалуға жиналып, сонда олар алды-артын тосады. Ақыр оларға барған кезде оларға құлақтары, көздері және терілері олардың не істегендеріне айғақ болады.
Олар терілеріне: «Не үшін бізге куә болдыңдар?» - дейді. (терілері): «Бізді не нәрсені де сөйлеткен Алла сөйлетті. Сендерді алғаш рет жаратқан және Сол жаққа қайтарыласыңдар», - деп жауап береді. Сендер өздеріңе құлақтарың, көздерің және терілерің айғақ болады деп жасырынбаушы едіңдер. Тіпті Алла істегендеріңнің көбін білмейді деп ойлаушы едіңдер. Міне осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың өздеріңді жойды да, сонда зиянға ұшыраушылардан болдыңдар» (41.Фуссилат, 19-23).
«Қиямет күні оларға тілдері, қол-аяқтары не істегендеріне айғақ болады. Сол күні Алла оларға лайықты жазасын береді. Сондай-ақ рас Алланың ашық шындық екенін олар біледі» (24.Нұр, 24-25). Адам мүшелерінің айғақ болулары аздай, қара жер де өзін таптап, жаншып, үстінде неше түрлі пәлені жасаған пенденің әрекеттері үшін қияметтегі ұлы есеп кезінде куәлік етеді.
Әбу Хурайрадан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз «Ол күні жер хабарын айтады» мағынасындағы «Зилзәл» сүресінің 4-аятын оқып:
- Жердің қалай хабар беретіндігін білесіңдер ме? - деп сахабаларынан сұрайды. Сахабалар: - Алла пен Оның Елшісі ең дұрысын біледі, - деп жауап қатады. Сонда Расулуллаһ: - Жердің хабар беруі деген сөз, еркек пен әйел яғни әрбір пенденің жер бетінде жасаған амалы жайында пәленше мына күні мына сағатта ана жерде мынаны іс- теді деп хабар береді, - деді» (Тирмизи, Қиямет, 7 бөлім, 2429 хадис).
материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды,
ummet.kz