а) Ұзақ сапар.
Ұзақ сапар дұға, тілектің қабылдануының себебі болып табылады. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Үш дұғаның қабыл болуы күмәнсіз: жәбірленушінің дұғасы, (ұзақ сапардағы) жолаушының дұғасы және өз балалары үшін әкенің (жасаған) дұғасы», – деді», – деген. Егер сапар ұзаққа созылса, дұғаның қабыл болу ықтималдығы артады, өйткені мұндай жағдайда ол адамның жаны туған жерге сағынышы мен (жол-сапар) қиындығын бастан өткеруіне байланысты Алла Тағалаға бойсұнғыш келеді. Ал бойсұну – дұға-тілектің қабыл болуының негізгі себептерінің бірі.
ә) Киім киісінде және сыртқы көрінісінде жұпыны болу.
Пайғамбар (с.а.с.) танымал бір хадисінде: «Шашы ұйпа-тұйпа, үстібасы шаң, көнетоз киім киген, есіктерден кері қағылған (яғни адамдар сыйламайтын, үйлеріне кіргізбейтін адам) бір адам болуы мүмкін; ол Аллаға қасам ішсе, (Алла Тағала) оның (қасамын) орындайды», – деген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) жаңбыр сұрау үшін намазға жұпыны, биязылықпен, жалбарынған жалынышты күйде шыққан.
б) Қолды көкке созу.
Бұл – дұға, тілекпен жалбарыну кезіндегі әдептілік ережелеріне қатысты амал. Салман Фариси (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Шын мәнінде, Алла Тағала өте Ұялшақ және Жомарт, Оған қарай қолын созған адамның үмітін ақтамай, қолын бос қайтарудан ұялады», – деді», – деген. Алла Тағаладан жаңбыр сұрау кезінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) қолын көкке қарай көтергені сонша, тіпті қолтығының ағы көрінер еді. Ал көпқұдайшылдарға қарсы Бәдір шайқасы кезінде де ол қолын жоғары көтергені соншалық, иығындағы жамылғы шекпені түсіп кеткен-ді.
в) Аса Құдіретті де Ұлы Аллаға жалбарынуда табандылық көрсету.
Бұл жерде Алла Тағаланың Раббылығын қайта-қайта зікір ету арқылы жалбарыну – тілектің қабыл болуының маңызды шарттарының бірі. Айша (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер пенде төрт рет: «Уа, Раббым!» – десе, Алла Тағала: «Мен сені естіп тұрмын, ей, Менің құлым, тілегіңді айт, тілегің орындалады!» – дейді», – деп айтқан», – деген.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz