22
Жұма,
Қараша

һижри

Алла Тағала сүйіспеншілігінің Өзіне жақын болғандарға әсері

Алла Тағала сүйіспеншілігінің Өзіне жақын болғандарға әсері

Иман келтіру

Алла Тағала сүйіспеншілігінің Өзіне жақын болғандарға әсері жайлы да бұл хадисте келтірілген. Онда Алла Тағала: «...ал қашан Мен оны жақсы көрсем, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын...», – деген.

Бұл хадистің басқа риуаяттарында: «Алла Тағала: «...және оның танып-білетін жүрегі, сөйлейтін тілі боламын», – дейді», – делінген. Ибн Ражаб: «Бұл сөздердің мағынасы: Алла Тағалаға жақын болуға ұмтылуда белсенділік, қажырлылық көрсеткен, сол үшін алдымен парыз болған міндеттерді, сонан соң қосымша нәпілдерді орындауға кіріскен адамдарды Алла Тағала Өзіне жақын етеді және иман баспалдағынан ихсан баспалдағына көтереді. Нәтижесінде Алла Тағалаға құлшылық еткен кезде ол бейне бір Оны көріп тұрғандай сезіне бастайды, оның жүрегі Алла Тағаланы танып-білуге, жақсы көруге және Оған деген құрметпен, Оның алдындағы қорқынышпен, қамқорлық үмітімен, қуанышпен және Оған ұмтылумен, сөйтіп түптеп келгенде сол арқылы ол жүрегі танып-білген нәрсені ішкі жан-дүние жанарымен көре бастайды дегенге саяды», – деген.

Жүрек Алла Тағаланың ұлылығын танып-білумен толық қаныққан кезде, бұл таным жүректен Алла Тағаланың ұлылығынан басқаның бәрін қуып шығады. Сөйтіп пенде өз жан-дүниесінің билігінен, көңіл қалауы мен шақуат талабынан құтылады және Қамқор Раббысы одан нені қаласа, бұл да тек соны қалайтын болады. Демек, бұл пенде Алла Тағаланы еске алмай ешнәрсе айтпайтын болады, Оның бұйрығынсыз ешнәрсе істемейтін болады. Егер сөйлесе тек Алла Тағаланың жәрдемімен сөйлеп, тыңдаса Алла Тағаланың көмегімен тыңдайтын болады. Егер (бір нәрсеге) қараса, Алла Тағаланың көмегімен қарайтын болады, сондай-ақ үлес-несібесін алса да, Оның көмегімен алады. Осы айтылған ой Алла Тағаланың: «...онда оның еститін құлағы боламын...», – деген сөздерінде қамтылған. Бұдан басқа мағынаға тұспал жасаушылар туралы айтар болсақ, олардың бұл тұспал-пікірлері серік қосушылардың (яғни мүшріктердің) басқа бір кейіпке ену және бірігу мүмкіндігі секілді Алла Тағалаға және Оның елшісіне (с.а.с.) ешқандай қатысы жоқ күпірлік көзқарасты білдіреді.

Әш-Шәукәни: «Мұнда Тәңіріміз (адамдардың бұл аталмыш) дене ағзаларын Өз нұрымен сәулелендіреді де, нәтижесінде дұрыс басшылық жолы көрініп, адасу бұлты ыдырайды. Өйткені Құран Кәрімде Алла көктер мен жердің нұры екендігі айтылады», – деген пікір білдірген.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алла Тағалаға: «Уа, Алла! Жүрегіме нұр құя гөр, көзіме де нұр бере гөр және құлағыма да нұр бере гөр (Аллаһуммажъал фи қалби нуран, уә фи басари нуран, уә фи самъи нуран)» , – деген дұғаны айтып жалбарынған.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: