Иман – кемелдіктің негізі және жәннаттың кілті тек қана иманға және таухидті ұстануға байланысты. Алла Тағалаға, Оның елшілеріне, Оның кітаптарына және Оның періштелеріне, сондай-ақ Қиямет күніне, жақсылық пен жамандықтың тағдырдан екеніне иман келтірген және Алладан басқа ешкімге табынбай өлген адам сөзсіз жаннатқа кіреді.
Ал діни міндеттерін орындамау және тыйым салынғандарды істеу ол адамның басқа да құтылушылармен бірге жазаланбай жәннатқа кіруіне кедергі жасайды, өйткені мұндай кемшілікті жіберушілер жазасын өтемей жәннатқа жіберілмейді.
Әбу Зарр (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «(Алланың) кез келген құлы «Алладан басқа ешбір құдай жоқ» деп, сонан соң осы (айтқанынан) қайтпай өлсе, ол сөзсіз жаннатқа кіреді», – деді», – деген.
Убада ибн Самит (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім «Алладан басқа ешбір құдай жоқ, Оның ешқандай серігі жоқ, Мұхаммед – Оның құлы әрі елшісі», «Иса – Алланың құлы әрі елшісі және Оның Мәриямға жолдаған сөзі мен рухы», сондай-ақ «жәннат хақ және тозақ хақ» деп куәлік берсе, ол не істеген болса да, Алла оны жәннатқа кіргізеді», – деді», – деген. Бұл жерде адамның өзі істеген күнәларына сай азапқа салынып, ақырында жаннатқа кіретіні туралы айтылып отыр.
Парызды орындау және тыйым салынғаннан бас тарту – оттан құтқаратын қалқан. Аса Құдіретті де Ұлы Аллаға бойсұнудың негізі – Алла Тағаланың тыйымдарынан бас тартумен бірге діни міндет-парыздарын бұлжытпай орындау.
Амр ибн Мурра әл-Жуһани (Алла оған разы болсын): «(Бір күні) бір адам Алла елшісіне (с.а.с.) келді де: «Уа, Алланың елшісі! Мен Алладан басқа ешбір құдай жоқ екеніне және сен Алланың елшісі екеніңе куәлік бердім және (күніне) бес уақыт намаз оқимын, өз малымнан зекет беремін, сондай-ақ рамазанда ораза ұстаймын», – деді. (Бұған) Алланың елшісі (с.а.с.): «Кім осыдан айнымай өлсе, ол Қиямет күні пайғамбарларға, шыншылдар мен шәһидтерге мынадай жақын болады», – деп екі саусағын жоғары көтерді және «егер ата-анасына деген құрмет-ізетін үзбеген болса ғана», – деп қосты», – деген.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz