Нуғман (Алла оған разы болсын) адал жүректі және адалдығын сырттай да көрсетіп паш етуші мұсылманның қандай болатынын көрсетті. Ол өзі шын мәнінде амалға асырмаған немесе өз жаны қаламаған істерді істеп жүрген жақсы да тақуа адам секілді көрінгісі келмеді.
Бәлкім, ол құтылушылардан болуды және табысқа жетуді қалаған адам еді және ол осы мақсатқа жету жолында не істеу керек болса, соны берік орындауға дайын болатын. Сөйтіп бұл мұсылманның адалдығы Пайғамбардың (с.а.с.) айтқандарын орындау көздеген мақсатына жеткізетінін білген сайын арта түсті.
Бұл хадистің басқа риуаятында Нуғманның (Алла оған разы болсын): «Алламен ант етейін! Мен бұл айтылғанға ешнәрсені қоспаймын», – дегені айтылады, өйткені Алла Тағаланың разылығына Ол парыз еткен (жеңіл амалды) орындау арқылы жетуге болады. Алайда Алла Тағала мұны тек кімге орындауды жеңіл еткен болса, солар үшін ғана жеңіл, ал Алла кімдердің жүректерін мөрлеген болса, олар үшін бұл қиын. Алла Тағала: «Сабыр және намаз оқу арқылы Алладан жәрдем тілеңдер. Расында намаз Раббыларына жолығатындарына әрі Оның алдына қайтарылатындарына айқын сенетін (жан-тәнімен) берілгендерден өзгелерге ауыр келеді», – деді.
Жүректеріне иман орнап, жан-дүниесіне сенімділік дарыған бұл адамдар әр уақытта осындай адалдық көрсеткен, оларға екіжүзділік тән емес. Және олар Алла Тағаланың шариғатына қатысты істерде титтей де селқостыққа немесе ықылассыздыққа жол бермеген. Пайғамбар (с.а.с.) оларды талай рет жәннатпен қуандырған-ды.
Хадисте: «Бір күні Пайғамбарға (с.а.с.) бір бәдәуи келіп қанша парыз намазын оқу керектігі туралы сұрайды. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Бесеу», –
дейді. (Бәдәуи): «Ал басқа (намаздарды орындау) керек пе?» – деп сұрайды. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Жоқ, егер нәпіл қылмасаң», – деп жауап береді. Сонан соң ол басқа да діни парыздардың саны туралы сұрады және Пайғамбар (с.а.с.) оның не істеуге міндетті екенін айтты. Бәдәуи: «Бұдан басқа да бір амалдарды істеуге міндеттімін бе?» – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Жоқ, егер нәпіл қылмасаң», – деді. Сонда бәдәуи: «Алламен ант етемін! Мен бұл айтылғанға ешнәрсе қоспаймын және Алла Тағаланың парыз еткендерінен ешнәрсені кемітпеймін», – деді. (Бұған Пайғамбар (с.а.с.)): «Ол егер рас айтқан болса, құтылушылардан болады», – деді», – делінген.
Бұл хадистің басқа риуаятында Пайғамбар (с.а.с.): «Егер өзіне әмір етілгенді ұстанатын болса, ол жаннатқа кіреді», – деген. Тағы бір риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Кім жәннаттықтар қатарында болатын адамды көріп қуанышқа бөленгісі келсе, осы (адамға) қарасын», – деп айтқан.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz