Кім Алланы есінде сақтаса, Алла сонымен бірге және оған жәрдемдеседі, оны қорғайды, қолдап-қуаттайды, оның басына қара бұлт үйірілгенде немесе қиын жағдайға тап болғанда көмек береді және оны (дұрыс жолға) бағыттайды.
Өйткені Пайғамбар (с.а.с.): «...Алланы (есіңде) сақта, Оны қарсы алдыңнан табасың», – деген.
Демек, Алла Тағаланы сен өз қасыңнан табасың, Ол сені сақтайды және қорғайды, сенің күш-қуат, сүйенішің болады. Өйткені Алла Тағала: «Расында, Алла тақуалармен және жақсылық істеушілермен бірге», – деді.
Қатада: «Кім Алладан қорықса, Ол солармен бірге, ал өзімен Алла бірге болған адам жеңімпаздар қатарында болады, сондай-ақ онымен бірге адастырмайтын жолбасшы мен ұйықтамайтын күзетші жүреді», – деген.
Бірақ Алла Тағаланың жәрдемі мен қолдап-қуаттауы үшін (адам) Оның бұйрықтарын орындап, Оның тыйымдарынан бас тартуы қажетті шарт болып табылады. Кім Оған бағынса, соған көмектеседі және оны қолдап- қуаттайды, ал кім бағынбаса, Алла Тағала оны жәрдемсіз қалдырады да, қор болуға жеткізеді. Алла Тағала: «(Оның дініне) жәрдем етсеңдер, Ол сендерге жәрдем етіп, қадамдарыңды бекітеді»;
«Егер Алла сендерге жеңіс (жәрдем) берсе, сонда сендерге үстем келуші болмайды. Ал егер (Алла) сендерді тастап кетсе (жәрдем етпесе), одан кейін сендерге кім жәрдем етеді?» – деген.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz