23
Сенбі,
Қараша

һижри

Жеңілдетуге негіз болатын қиындықтар дәрежесі

Жеңілдетуге негіз болатын қиындықтар дәрежесі

Иман келтіру

Бұл мәселені кейбір мұсылмандар терең түсінбейді. Сондықтан олар болмашы қиындықтың өзі өздерін діни міндеттерді орындаудан босатады деп ойлауы, сөйтіп өз міндеттерін тоқтатуын дұрыс деуі мүмкін.

Шариғат міндеттерін орындамау үшін болмашы қиындықтарды сылтау ететіндер – дінімізге өз дәрежесінде көңіл бөлмейтіндер. Олар көбіне осы қағиданы тілге тиек етеді. Мінеки, осы себепті ғұламалар қиындықтардың қандай түрлері барын және олардың қайсысын жеңілдетуге болатынын анықтап беретін ұстанымдар белгілеген.

а) Кейбір қиындықтар діни міндеттерді орындаумен бірге ілеспелі болады және бұл қиындықтар сол міндеттердің өз табиғатынан шығатыны
себепті олардан бөлінбейтін қиындықтар болып саналады. Мұндай қиындықтар жоғарыда аталған діни міндеттерді жеңілдетуге немесе оларды мүлдем орындамай қалдыруға себеп (негіз) бола алмайды.
Мәселен, Рамазан айында қарны ашқан себепті оразасын бұзуға ешкімге рұқсат етілмейді. Қажылықты өтеуге толық мүмкіндігі болған адамның өз отбасынан немесе туған жерінен алыс кеткісі келмеуі себепті немесе жол қиындығын сылтау етіп қажылықты өтемеуге хақы жоқ. Яки адамдардың біреуі жәбірлеуі немесе жек көруі, ұнатпауы мүмкін деп шариғат ұнатқанға шақырмау немесе шариғат теріске шығарғаннан қайтармау мұсылманға себеп емес. Адамдар бұлай етуге хақысыз, себебі мұндай қиындықтар өмірде жиі кездесетін әдеттегі жағдай және ол ешқандай үлкен қиындықтарға апармайды. Егер мұндай қиындықтар ауырлықты жеңілдетуге негіз болғанда, парыздар мен міндеттердің, шариғат үкімдерінің ешқандай мәні қалмас еді. Ал Алла Тағаланың құлдары бұл дүниеде де, Ақыретте де ешқандай пайда алмаған болар еді.

ә) Қиындықтың басқа да түрлері кездеседі. Бұлар шариғат жүктеген міндеттердің табиғатынан емес және көп жағдайларда, оларды ажыратып алуға мүмкіндік бар. Бұл жерде діни міндеттердің қалыпты жағдайда қоятын талаптарынан тысқары, кездейсоқ және күтпеген қиындықтар туралы айтылған.

Мұндай қиындықтар екі түрлі:

1) Адамдарға болмашы қиындық пен ыңғайсыздық тудыратын жағдайлар. Мәселен, қысқа мерзімді жолаушылық, жеңіл сырқаттану немесе қандай да бір дүние пайдасынан айрылу сияқты, т.с.с. Мұндай қиындықтар діни міндеттерді орындауға ешқандай кедергі бола алмайтындықтан оған аса мән берудің қажеті жоқ. Өйткені өз міндеттерін орындаған мұсылманның бұл дүние және Ақыретте алатын пайдасы, оның осы қиындықтарды жеңу үшін жоғалтқандарынан көп болады. Яғни болмашы қиындыққа бола дін міндеттерінен бас тарту мұсылманға жақсылық әкелмейді.

2) Әлдеқайда күрделі қиындықтарға, мысалы адам өміріне қауіп төндіретін, дүние мүлкі мен абыройына нұқсан келтіретін қиындықтар кіреді. Мысалы, қажылық өтеуге мүмкіндігі бар адамның жолда қарақшылар күтіп тұрғанын біліп немесе мұның қажылыққа кетуін аңдып ол адамның мал-мүлкін тонамаққа дайын тұрған адамнан қауіптеніп не отбасына зиян тигізетін адамның бар екеніне көзі жеткен мұсылманның дін және ақылпарасат иелерінің түсінігінде үлкен қатер саналатын жағдайын айтуға болады. Міне, шариғат осындай жағдайларды ғана ескереді, бұлар қандай да бір діни міндетін орындаудан бас тартуға не жеңілдетуге салмақты дәлел бола алады. Өйткені мұндай жағдайлар жиі кездесе бермейді, оларға көңіл бөлмеу адамның Алла Тағаланың шариғатында көңіл бөліну қажеттігі бұйырылған көптеген мүдделерінің аяқасты болуына апарады.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: