Тірілердің дұға-тілектері мен садақалары өлгендерге пайда береді.
Түсіндірмесі: Тірілер Құдай Тағаладан өлілерге кешірім тілеп дұға қылатын болса, марқұмдарға оның пайдасы тиеді. Сондықтан да тірілерге өлілер үшін жаназа намазын оқу парыз етілген. Һәм бұл тұрғыда қасиетті аяттар мен хадистерде дәлелдер жеткілікті.
Алла Тағала былай дейді: «Ал олардан [мүһәжірлер мен ансарлардан] кейін келгендерге болса: «Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре гөр!» – дейді...» (Хашр, 10).
Алланың елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла! Тірілеріміздің күнәсін кешір, өлілерімізді рахымыңа бөле!» – деп дұға қылатын. Ахмет риуаят еткен.
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алланың Елшісі (с.а.с.): «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы, не пайда келтіретін білімі немесе артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды», – деген. Мүслім риуаят еткен.
Құран оқып, не басқадай ізгі іс қылып, оның сауабын марқұмға бағыштаса да, пайдасы тиеді.
материал «Таным тұғыры» кітабынан алынды,
ummet.kz