Хадистің мазмұнынан өзіне ақыл-кеңес беруін өтінген мұсылман Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «ашуланба» деген сөзінің мәнісін түсінген.
Алайда жәннатқа апаратын бұдан да гөрі пайдалырақ нәрсеге мұқтажбын деп санап, естіген жауапқа қанағаттанбай тағы да ақыл-кеңес сұрай бастады. Бірақ Алла елшісі (с.а.с.) өз жауабын екі, үш рет, тіпті одан да көп рет қайталағанда да, оған ешнәрсе қоспады. Себебі «кеңес бер» деп айтқан сайын, егер осы сөздің мән-мағынасын түсініп, соған сәйкес амал қылсаң, сол саған жеткілікті дегенді ұқтырғысы келді. Сонда ғана ол Алла елшісінің (с.а.с.) бір сөзді бірнеше қайталауына көңіл аударады, оның мән-мағынасын түсінеді және оның мақсатын ұғынады. Бұл хадистің имам Ахмад келтірген риуаятында ақыл-кеңес сұраған адам: «Пайғамбардың (с.а.с.) сөзінен кейін мен ойландым да, ашу барлық жамандықтың тоғысқан жері екендігін түсіндім», – дейді. Ашуланбайтын адам барлық жамандық атаулыдан құтылады, ал одан құтылған адам тек қана жақсылыққа ие болады. Уа, Алланың елшісі! Саған Алла Тағаланың сәлемі мен салауаты болсын! Алла Тағала осы қауым үшін саған пайғамбар мен елшіге дайындалған ең жақсы сауаптар жазсын, өйткені оны (яғни қауымды) игі (жолға) сен бағыттадың және барлық зұлымдық атаулының кілті болған нәрседен сақтандырдың.
Бір адам Алла елшісінен (с.а.с.): «Ең жақсы амал қайсы?» – деп сұрағанда: «Жақсы мінез-құлық, ол – қолыңнан келсе, ашуланбауың», – деп жауап берген. Зор денелі, қайраты мол болса да, тез ашуланып, өзін ашуға жеңдіретін кісі әлсіз деп есептеледі. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Палуан күшті емес, ашуын жеңген (адам) – күшті», – деді», – деген.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz