Адам ағзасының, оның сүйектері мен буындарының сау-саламаттығы, сезім мүшелерінің дұрыс жұмыс істеуі, бұл өз пенделеріне мейірімділік көрсететін, игілік беретін Алла Тағалаға адамдар тарапынан айрықша шүкіршілік білдіруге лайық ұлы нығмет.
Алла Тағала: «Ей, адамзат! Ардақты Раббың туралы сені не алдады? Ол сондай Алла, сені жаратты. Толықтап, теңестірді. Ол сені қалаған бейнеде құрастырды; «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар», – деді.
Ибн Аббас (Алла әкесі екеуінен разы болсын): «Мұндағы «нығмет» сөзі дене мүшелерінің саулығы және жақсы есту мен көруді білдіреді. Алла Тағала бұл туралы әуелден-ақ олардан жақсы біле тұрса да, өз құлдарын оларды (денсаулығы мен есту, көруін) не үшін пайдаланғаны туралы сұраққа тартады және Алла Тағала бұл жайлы: «Расында, құлақ, көз және жүрек – олардың барлығы одан (пендеден) сұралады», – деген», – деді.
Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Нығмет, бұл – қауіпсіздік пен денсаулық», – депті. Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, Қиямет күні Алла Өз құлына ең алдымен: «Біз сен үшін тәніңді сау-саламат етпедік пе, Біз саған салқын су ішкізбедік пе?» – деп сұрайды», – деген.
Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын) болса: «Денсаулық – тәннің дамуы», – деген. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, көп адамдар осындай ұлы мейірімділікке назар салмайды және дендері сау, аман-есен, қауіпсіз бейбіт өмірде рақаттанып жүргендерін ұмытады. Өздері туралы ойлануды қажет деп есептемейді, өздерінің Жаратушысына жеткілікті дәрежеде шүкіршілік білдірмейді.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz