«Күнә жасаған мұсылман – кәпір» деп түсінетін харижиттердің бір-екі адамы имам Ағзамға келіп:
«Мешіттің ауласына бірі араққа сылқия тойып жан тапсырған ер кісі мен зина жасап, кейін жүкті екенін сезгенде, өз-өзіне қол жұмсаған әйел әкелінсе, оларға қандай пәтуа шығарар едің? Сенім тұрғысынан қалай бағалайсың?» – дейді.
– Бұлар кімдер? Яһудилер ме?
– Жоқ.
– Христиан ба?
– Христиан емес.
– Пұтқа табына ма?
– Жоқ.
– Олар кімдер сонда?
– «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның елшісі» деген кәдімгі өзіміздің мұсылмандар.
– Кәлима-шәһәдат иманның неше бөлігін құрайды? Үштен бірі, төрттен бірі...
– Үштен бірі де емес, төрттен бірі де емес. Иман – бүтін нәрсе, ол бөлшектенбейді.
– Сонда иманның қаншасы?
– Тұтас иманның өзі.
– Олай болса жауапты өздерің беріп тұрсыңдар емес пе, олардың мүмин екенін айттыңдар. Хазірет Ибраһим (а.с.) бұл екеуінен де үлкен күнә жасаған қауым үшін былай деген: «Маған бағынғандар – менен. Маған қарсы келгендерге Сен өте Кешірімді әрі Рақымдысың...»[«Ибраһим» сүресі, 36-аят].
Хазірет Иса (а.с.) да «Я, Раббым, егер Сен оларды азаптасаң, олар Сенің құлдарың. Егер кешірсең, Сен Ұлысың әрі Хакімсің»[«Мәида» сүресі, 118-аят] демеп пе еді. Ибраһим (а.с.) мен Иса (а.с.) да дұшпандарының кешірілуін қалағанда, сендерге не жоқ? – дейді.
Харижиттер қате түсінікке барғандарын сол мезет түсініп, келген ізімен кері қайтады.
материал «Тағылым таразысы» кітабынан алынды,
ummet.kz