Уақыт – аманат. Алла Тағала Құранда «Ғасырға серт!» деп уақытқа бекер ант етпесе керек.
Алла Тағаланың ешкімді бөліп-жармай, бір-бірінен өзгешелемей барлығына бірдей етіп берген бірден-бір нығметі – уақыт. Барша адамның өмірінде күнделікті 24 сағат бар. Сондықтан да уақыт тұрғысынан «миллионерлер» болмайды.
Уақыт Алланың белгілеген заңдылығы бойынша ағып кете барады. Бұл дүниеде көп нәрсені сатып алу немесе қайтарып алу мүмкін. Алайда өткен уақыт олай емес: ол қайтып келмейді, сатылмайды, қарызға берілмейді, уақытша алынбайды...
Ақшаның құны оған не сатып алуға болатынымен есептеледі. Ал уақыттың құны сол уақытта не істей алатынымызбен тікелей байланысты.
Уақыт – өте құнды. Қайта айналып келмейді. Арнайы бөгеттерде суды жинауға болады, бірақ уақытты бұлай жинау мүмкін емес.
Уақыт тек маңызды жайттарды ғана емес, мардымсыз деген істерді де өзгертуге қауқарлы. Өмірімізде уақыттың әсерінен тыс қалатын ешбір жағдай жоқ. Уақыт күштіні әлсізге, әлсізді күштіге айналдыра алады. Уақыт міндетті түрде өзгеріс алып келеді.
Барлық іс белгілі бір уақыт аралығында орындалады. Сонда да көптеген адамдар осы бірегей, орны толмас және қажетті қорды қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Уақытқа деген мұқияттылық – адам өмірінің сапасын белгілейтін бірден-бір өлшем.
Сол үшін де әрбір сәтімізді дұрыс пайдалануымыз керек. Өйткені уақыт ешқашан ешкімді күтіп тұрмайды. Өткен уақыт ендігәрі қайта айналып келмейді. Ал болашақ болса, бұлыңғыр. Тек қазіргі тыныс алып тұрған сәті ғана адам баласына берілген алтын мүмкіндік. Уақыт әрбір адамға мүмкіндік береді. Алайда сол мүмкіндікті дер кезінде пайдалана білгендер ғана жетістікке жете алмақ. Ал уақыттың адам баласы үшін мүмкіндік екендігінің байыбына бара алмаған жан өмірінде барлық жақсылықтан мақұрым қалады деуге болады. Сондықтан мүмкіншілік болып тұрған кезде уақытты Алла разы болатындай етіп пайдалану – ең ақылдының ісі.
Бүгінде кішкентай көзге көрінер-көрінбес алтын сынығын ешкімнің қоқысқа тастамайтыны мәлім. Бірақ миллиондаған алтын беріп сатып алуға болмайтын уақыт ысырабына көп адам мән бермейтіні қандай өкінішті!
материал «Тайм-менеджмент» кітабынан алынды,
ummet.kz