Сөйлеу барысында мұсылман адам келесі нұсқауларды ескергені абзал:
Сөздің ең жақсысын таңдау
Адамдармен сөйлескеніңде сөздің ең жақсысын таңдап, әсемдеп айтуың Алланың құзырында садақа бергенмен бірдей. Сол себепті екінші адамға айтар сөзіңді сыйлық ретінде сана. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадисінде: «Тозақ отынан жарты құрма болсын садақа беріп сақтаныңдар, ол болмаса, жақсы сөз айтыңдар» – деген болатын.
Сөздердің анық, ұғынықты шығуы
Сөйлеу барысында асықпай, аптықпай ойдың екінші адамға анық жетуі – сөйлеу әдебінен. Айтқан сөзің екінші адамға ой салатындай мағыналы да болу қажет. Айша анамыздан жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) сөйлеу мәнері жайында былай деген: «Алланың Елшісі сөйлегенде сендер секілді сөйлемейтін, соңынан қайталаған адам жатап алатындай (сөзі ұғынықты, мағыналы) еді».
Тыңдаушының деңгейіне сай сөйлеу
Адам екінші бір адамға жауап бермес бұрын оның ойлау деңгейін, жасын, білімін, көңіл-күйін, оған қатысты ұстанымын ескеруі тиіс. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «Адамдармен ақыл деңгейлеріне сай сөйлеуге бұйырылдық».
Айтылар мәліметтің дұрыстығына көз жеткізу
Айтылар сөзі болжамға негіз артпайды. Мұсылман алып-қашпа әңгімелерден, дұрыстығында күмән туғызатын мәліметтерден аулақ болған жөн. Алла Тағала Құран Кәрімде қоғам алдында пасықтығымен танымал болған адамдардың жеткізген хабарына мұқият болу керектігі жайында: «Әй, мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей, бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер».
«Бесінші әділетті халифа» деген атпен танымал Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, әлдебір адам жөнінде жаман сөздерді айта бастайды. Сонда Омар: «Бұл айтқан сөздеріңді тексеріп көрелік. Егер өтірік айтқан болсаң, «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар» деген аятта айтылғанындай пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса, «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)» делінген адамдардансың. Ал егер сөзімді қайтарып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз, мүміндердің әміршісі! Енді бұндай іске бармаймын», – дейді.
Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір
Алла жолына шақыру, жақсылыққа үндеу, ілім беру секілді игі амалдардан өзге жағдайларда адам көп сөзден қашық болғаны жөн. Сөз көбейген кезде мейлі ол інжу-маржанмен көмкерілсе де оның қадірі кетеді, көп сөзде өтіріктің орын алуы ықтимал. Ас тілді үйірерлік дәмді болса да шамадан тыс асыра желінсе, дәмі кетеді. Сол секілді сөз де көбейсе, берекесі жойылады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде көп сөйлеуден қашық болу керектігі жайында: «Ақиқатында, мүміндер тілегеніне жетті, олар намаздарында именіп тұратындар. Олар бос сөздер мен ойын-сауықтан аулақ», – деп мұсылман адамның бос сөзден аулақ болатынын меңзейді.
Айтар сөзді ой елегінен өткізу
Айтқан сөзің біреуге тікен болып қадалмау керек. Екінші бір адамның ар-намысына тиетін, рухани жарасын ашатын сөздерден аулақ болғаныңыз абзал. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бұл жайында: «Мұсылман – басқа бір мұсылманға қолымен, тілімен зиян келтірмеген жан», – деген.
Мәжілістегі ізеттілік
Отырыста сенен жасы үлкен, ілімді, құрметті адам отырса, рұқсатпен сөйлегенің дұрыс болады. Ондай адамдар сөйлеген кезде сөзін бөлу, немқұрайдылық таныту – әдепсіз амалдардан. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) үлкендерді құрметтеу турасында:
«Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – дейді. Қазақ нақылдарында бұл турасында: «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без», – деген.
Сөйлегенде күлімдеу
Күлімдеудің сиқырлы күші бар. Күлімдеу – адам баласына материалдық та, физикалық та қиындығы жоқ дүние. Күлімдеу – ішкі дүниеміздің сыртқа көрініс беруі. Күлімдеп жүрген адам ешқандай шығынға ұшырамайды. Күлімдеу аз ғана уақытты алады, бірақ кейде мәңгілікке есте қалуы мүмкін. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Дін бауырыңның жүзіне күлімсіреуің сен үшін садақа» деген хадисі бар.
Тілдің тазалығы
Тіл арқылы адам иманға келіп, кәлима шәһәдәт айтып, мұсылман болса, сол тіл арқылы оның ластығы себепті күнәға батады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак хадисінде: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қайырлы сөз айтсын яки үндемесін», – деген. Сол себепті әр мұсылман екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоя білген абзал. Өйткені адамның сөйлеу мәнері оның қаншалықты мәдениетті адам екенін көрсетеді.
материал «№1 дұшпан (жақсы сөйле немесе үндеме)» кітабынан алынды,
ummet.kz