23
Сенбі,
Қараша

һижри

Алланың разылығын, екі дүние бақытын қалайсыз ба?

Алланың разылығын, екі дүние бақытын қалайсыз ба?

Иман келтіру

Ата-анасы тірі бола тұра оларға лайықты қызмет көрсете алмау үлкен қасірет болып есептеледі. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қор болды! Қор болды! Қор болды!» дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрайды. Сонда Ол (с.а.с.): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы қасында болып, сосын Жаннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны Жаннатқа кіргізе алмаған адам», – деп жауап береді. Сондай мүмкіндікті пайдалана алмау, сондай ізгі істі істеп, соның сауабымен Жаннатқа жете алмау біз үшін орны толмас қасірет екен.

Қазіргі отбасылық құндылықтар аяққа тапталып, ата-ана мен баласының арасындағы қарым-қатынасқа селкеу түсіп, қадір-құрмет кеміп, сыйластығы азайып бара жатқан соңы бақытсыздыққа ұшыратар қоғамда мұсылманшылығын ісімен көрсетіп, әке-шешесінің асты-үстіне түсіп, риза етуді ең бірінші мақсатына айналдырған саналы ұрпақтың барына да шүкір дейміз! Сондай салиқалы жандарды Алланың Ардақты Елшісі (с.а.с.): «Ата-анасын сыйлап, оларға қамқор болған перзенттерге сүйінші! Алла олардың өмірін берекетті етеді» – деген сөзімен қуантқан, сүйіншілеген (Бұхари. Әдәб, 1).

Келесі бір хадисінде: «Ата-анаға құрмет бақытсыз адамды бақытты қылады. Өмір жасын ұзартады және оны жаман өлімнен сақтайды», сонымен қатар «Кімде-кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», – деген (Ахмет ибн Ханбал. Муснад. III/156) .

Олай болса, адам баласының ризық-несібесі ата-анасының ризалығына тікелей байланысты екен. Шынында, түсінген жанға үйдің берекеті ата-анасы емес пе? Сіз де ата-анаңызға құрмет көрсетіп, олардың ізгі дұғаларын алған болсаңыз, уайымдамаңыз, дүниедегі несібесі мол, төрт құбыласы тең жанның бірі боларыңыз анық.

Қуанышыңызға қуаныш қоссын, өміріңіз береке мен бақытқа толы боп өтіп жатқан намаз, оразасы түгел жан болсаңыз, онда енді қажылықтың сауабына да қауышыңыз:

Ата-анасына мейіріммен, сүйіспеншілікпен бір рет қараған адам қабыл болған бір қажылықтың сауабын алады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ата-анасының жүзіне мейіріммен қараған адамға қажылық және умраның сауабы жазылады», – деген. «Күніне мың рет қараса да солай ма?» – деп сұрағанда Пайғамбарымыз: «Күніне жүз мың рет қараса да…» – деп жауап берген. Мәпелеп өсірген сол ең қымбатты екі жанның жүздеріне кірбің ұялатпай, мейіріміңізді төге қарауыңыз да ғибадат боп саналуда..! Осыдан-ақ белгілі, дініміздің астарында адам баласының бір-біріне деген махаббат-мейірімін, сүйіспеншілігін ояту, бір-бірінің бағасын біліп, қадірлеп-құрметтеуді, сол арқылы «адам» деген ардақты атқа лайықты етіп, жасаған жақсылықтарының есесін қос ғұмырында еселеп тұрып сый-сияпатқа бөлеп қайтару жатыр...

Сонымен қатар мұсылман баласы әке-шешенің әрбір жақсы дұғасын алуды үлкен ғанибет, олжа деп, оларды қуанышқа бөлеп ақ батасын алса нұр үстіне нұр. Хадис шәрифтерде: «Үш адамның дұғасы қабыл болады. Әке-шешенің, зұлымдыққа ұшыраған адамның және қонақтың дұғасы», – делінген.

Өз анасына қызмет етіп Алланың үлкен сыйына ие болған Баязит Бистамидің мына хикаясын айта кеткен жөн болар.

Баязит Бистами «Ғылымда бұндай биік дәрежеге қалай жеттің?» деп сұрағандарға:

– Анамның дұғасымен, – деп, басынан өткен мына оқиғаны айтушы еді.

«Бір күні анам қатты ауырды. Мен қасынан бір елі ажырамадым. Түнде анамның аяқ жағында отырған едім. Әлден уақытта: «Ботам, су берші?» – деді. Тұра жүгірдім, бірақ үйде су бітіп қалған екен, екі өкпемді қолыма алып ауыл сыртындағы бұлаққа бардым. Суды алып келсем, анамның көзі ілініп кетіпті. Қолыма мұздай суды ұстап, шешемнің оянуын күтіп отырдым. Таң ата анам оянды, мен суды ұсына қойдым. Анам басында ештеңеге түсінбей тұрды да, есіне түскеннен кейін көзіне жас алып былай деді: «Я, Жаратқан, мен ұлыма разымын, сен де разы бола гөр!»

Баязит Бистами сөзін ары қарай жалғап:

– Егер Алланың алдында аз да болса қадірім болса, ол анамның сол дұғасынан деп білемін, – дейтін.

Алланың алдында қадіріңізді жоғары етумен қатар, тіпті олардың дұғасымен сіздің дәрежеңіз пайғамбарлармен көрші болуға дейін көтеріліп, осылайша ең жоғары деңгейге жетуіңіз ғажап емес:

Мұса пайғамбар (а.с.) Тұр тауында Жаратушымен тілдескеннен кейін:

– Уа, Раббым! Маған жұмақтағы көршімді көрсетші? – деп сұрайды. Алла Тағала Оған:

– Пәлен деген қалада бір қасапшы бар. Сенің жұмақтағы көршің сол, – дейді.

Мұса пайғамбар (а.с.) мәңгілік көршісінің қандай сауапты істерімен жаннаттық дәрежеге жеткенін білуге құмартып, іздеп жолға шығады. Көп сапар шегіп, көршісі мекен ететін шаһарға келіп қасапшыны тапқанда:

– Әй, пәленше, мен саған құдайы қонақпын, – дейді. Қасапшы бейтанысты көріп, кім екенін білмесе де, құрақ ұшып:

– О не дегеніңіз?! Алла разылығы үшін есігіміз қашан да ашық. Кешкісін үйге жүріңіз, – дейді.

Күн батып, ақшам түскенде, екеуі үйге бірге қайтады. Қасапшы жол-жөнекей қолындағы дорбасы толғанша жейтін оны-мұны сатып алады. Шаңырағына келгеннен кейін: «Менің тағы бір аса қадірлі қонағым бар еді, рұқсат етсеңіз, алдымен сол кісінің халін сұрап, жағдайын реттейін, сіз сәл дем ала тұрыңыз», – дейді де, төсекке таңылған кәрі дімкәс кісіні еппен тұрғызып, жас балаша аялап күтімін жасап, киімін ауыстырады. Тамағын беріп, барлық қызметін атқарған соң оны бұрынғы орнына қайта жатқызады. Әлгі кейуана оған бірдеңе деп күбірлейді, бұл «Әмин» дейді де, Мұса пайғамбардың жанына келеді.

Оның іс-әрекетін бақылап отырған Мұса пайғамбар (а.с.) одан: «Асты-үстіне түсіп сонша бәйек болдың, бұл кісі кім еді?» – деп сұрайды. Қасапшы:

– Бұл кісі – менің анам. Мені өмірге әкеліп кішкентайымнан бар ауыртпалығыма шыдап, мәпелеп өсірген қымбатты шешем. Қартайған шағында мен де қолымнан келгенше жақсы қарап, өзімнің парызымды өтеудемін, – дейді.

– Анаң саған бір нәрсе деп күбірледі ғой, не деді? – дейді пайғамбар.– А, әлгі үнемі аузынан тастамайтын дұғасын айтасыз ба? Мен өзіне қызмет жасаған сайын разылық танытып «Алла Тағала сені жұмақта Мұса (а.с.) пайғамбарға көрші етсін» деуден жалықпайды. Ондай дәрежеге жете алмасымды білсем де, көңілі үшін «Әмин» деп қоямын... – дейді қасапшы күлімсіреп.

Осы кезде Мұса пайғамбар (а.с.):

– Саған үлкен сүйінші хабарым бар! Сол Мұса пайғамбар менмін. Дұғамда Алла Тағала менің жұмақтағы көршімнің өзің екенін білдірді. Қандай сауапты ісі барын көрейін деп іздеп келгенім де сондықтан еді. Айтар ақылым, дәл осы қалпыңнан таймай, анаңның ризашылығын ала бер, – деп, анасын құрметтеген, кең жүректі қарапайым қасапшыны шексіз қуанышқа бөледі.

Тиісінше, бұл хадистерді де әрдайым ұмытпағаныңыз жөн…
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.):

«Уа, муһажир және ансарлар! Кімде-кім әйелін анасынан жоғары қойса, Алланың лағынетіне ұшырайды! Оның парыз және нәпіл ғибадаттары қабыл болмайды», – деп айтқан.

Тағы бірде Алла Елшісі (с.а.с.) сахабаларына:

«Сендерге күнәлардың ең үлкенін айтайын ба?» – дегенде, олар: «Иә Алланың елшісі айтыңыз», – деп жауап қатады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол амал – Алла Тағалаға серік қосу және ата-ананы тыңдамау», – дейді. Яғни, Аллаға серік қосу қандай үлкен зұлымдық болса, ата-ананы тыңдамау да сондай үлкен зұлымдық болып есептеледі.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Күнәнің ең ауыры – перзенті өз әке-шешесін балағаттауы», – деп те ескертеді. Сонда қасындағылардың бірі: «Уа, Алла елшісі! Бала өз әке-шешесін қалайша балағаттауы мүмкін?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Оның біреудің әкесіне тіл тигізіп, балағаттағаны өз әкесін балағаттағанымен тең. Әрі біреудің анасына тіл тигізіп балағаттағаны өз анасын балағаттағанымен тең», – деп жауап берді» (Бухари, Муслим). Сондықтан ауыр күнәға батып, ата-анамызды балағаттап алмас үшін тілімізге тиек салып, әр сөзімізде абай болғанымыз абзал.

Оларға жақсылық жасауды еш уақытта тоқтатушы болмаңыз…
Перзентінің ата-анасына жақсылық жасауы жарық дүниеден қош айтысқан соң да үзілмеуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жайында: «Оларға дұға жасап, күнәлары үшін Алладан кешірім сұрау, өсиеттерін орындау, артта қалған әке-шеше жағынан жақын туған-туыстармен қатынасты үзбеу және олардың достарына сый-сияпат көрсету», – деп үмбетіне жол сілтеген. Ал бақилық болған ата-ананың артынан жасалған дұғаның пайда беретінін Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына бір хадисінен аңғаруға болады: «Адам қайтыс болғанда, амал дәптерлері жабылады. Тек үш жолмен сауабы жалғасады: сауабы үздіксіз садақа, адамдардың игілігіне жараған ілім және артынан дұға жолдайтын салиқалы перзент».

Ата-аналарымызға көзі тірісінде де, бақилық болғанда да әр намазымызда, Құран оқығанымызда, садақа бергенімізде олар үшін шын жүректен дұға жасауды ұмытпайық. Салиқалы ұрпағым бар деп мақтаныш етіп жүргені қандай керемет!

материал «Жәннатқа жеткізер ең сауапты амалдар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: