23
Сенбі,
Қараша

һижри

Жамандық тағдырдан болса, жақсылық неден?

Жамандық тағдырдан болса, жақсылық неден?

Иман келтіру

Алғашқы тағдыр туралы ойланып жүрген кезде байқағаным – адамдар өздерімен болған жағымсыз, нәтижесіз жағдайларда осы сөзді жиі қолданады екен. Ісі жақсы жүріп жатқанда ешкім тағдырды кінәлап жатпайды.

Әуелде мен: «Тағдыр тек жағымсыз оқиғаларға ғана қатысты» деп ойладым. Мысалы, жазатайым оқиғалар, аурулар, аяқ астынан болатын өлім, әртүрлі дағдарыстар және жұмыстың кері кетуі – бәрі-бәрі. Адамдар айналасынан тағдырына риза болған ешкімді көрмеген соң, еріксіз осылай ойлайды екен. Мен де біраз уақытқа дейін тағдырды өмірде болған немесе келешектегі болатын келеңсіз оқиғалармен байланыстырып келдім. Бірақ менің өмірімде көптеген жақсы сәттер болды ғой. Олар туралы не деуге болады? Мысалы, мен ағашқа өрмелей алатын жасқа келгенде, үйіміздің артында үлкен інжір ағашы өсіп тұрды. Соған өрмелеп емін-еркін ойнадым.

Сондай-ақ, қайта-қайта оқудан жалықпайтын сүйікті кітаптарым, «Маржан аралы», «Капитан Гранттың балалары», «Кішкентай ханзада», «Том Сойердің басынан кешкендері» сияқты шығармалар сұратпай-ақ алдымнан табылды. Бұл да тағдырымдағы жақсы нәрселер. Жаздың жайма шуақ күнінде гүлдеп тұрған ағаштың саясында көзімді жұмып, ойланып жатуға мүмкіндік табуым... Алдымнан шыққан барлық құстарды тамашалай алуым, мысықтарды еркелете сипалайтыным... Бұлар да тағдырымның сыйы емес пе?

Таңертең жаңа піскен нан мен сары май, ал кешкі ас үстелінде ыстық сорпа мені күтіп тұратын. Бала кезімде осылардың бәрін ұнаттым. Менің өмірімде көптеген жақсы сәттер болды. Әрине, бұл менің тағдырым болмағанда, басқа не?Аурудың болғаны сияқты, деннің саулығы да тағдырдан. Ажырасу мен кездесу, жеңілу мен жеңу, байлық пен кедейлік, туылу мен өлу де тағдыр. «Тағдыр деген не?» деген сұраққа ойлана келе, «қазіргі сәт» деп жауап бердім. Өмірімізде болып жатқан жағдайлар: жақсы-жаман, әдемі-ұсқынсыз, дұрыс-бұрыс, біздің өмір сүруіміздің өзі – тағдыр!..

Жақсы! Бұл алдыңғы жауаппен салыстырғанда әлдеқайда нақты болды. Бірақ бұл жауап бізді әлі де қанағаттандырмайды. Себебі тағдыр тек адамдардың өмірі мен тәжірибесіне ғана байланысты емес. Негізінде, барлық нәрсенің тағдыры бар!
Таулардың, жұлдыздардың, таңертең ұясынан шығып, кешке қайта орала алмаған кішкене көбелектердің, тіпті планетадағы ең ұзақ өмір сүретін жаратылыстардың, мыңжылдық секвоя ағаштарының – бәрінің-бәрінің өз тағдыры болады.

материал «Тағдыр туралы білгім келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: