23
Сенбі,
Қараша

һижри

Тұрақты иманның белгілері қандай?

Тұрақты иманның белгілері қандай?

Иман келтіру

Иман және ғибадатқа байланысты үш түрлі ұғым бар: хузуру дайми, хаққал яқин және ихсан.

Хаққал яқин – өзінен бұрын келетін иман дәрежелері: илмәл яқин және айнәл яқиннен кейін келетін ең жоғарғы дәреже.
Ихсан – иман мен Исламнан кейін келетін, сонымен қатар құлдықтың ең кәміл деңгейі.
Хузуру дайми – әр сәт Алланың назарында екендігін сезіну, сонымен қатар мағрифатуллаһта (Алланы тануда) өте маңызды рөлі бар.

Бұлардың барлығы да тахқиқи иманға (нағыз шынайы иман) байланысты. Өте берік әрі нық иманның көрсеткіші.Хаққал яқин – иманның ақиқатын толық сезіну, ләззат алу және іс жүзінде көрсету деген сөз. Мәселен, ас үйде дайындалып жатқан тамақтың қандай ас екенін үш жолмен білуге болады. Мысалы, біреу оның иісін сезу арқылы біледі, міне, мұны илмәл яқин дейді. Енді бірі барып тамақты көзімен көретін болса, мұны әйнәл яқин дейді. Ал үшінші біреу сол пісіп жатқан тамақтың дәмін көріп, ерекшелігін сезінсе, бұл хаққал яқин болады, міне, осы соңғысы ең сенімді көз жеткізуге жатады. Хаққал яқин – иман дәрежелерінің ең жоғарғысы.

Ихсан – Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасау. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) хадистерінің бірінде мұны былай деп түсіндіреді: «Ихсан – Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасауың. Себебі сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады» деген. Осыған қарағанда «Ихсан – Алланың сені көріп тұрғандығын білу» болса керек.

Бірде әулиелердің бірі намаз өтеп жатқанда үйіне ұры кіріп, қолына ілінген заттың бәрін жинап-теріп алып кеткен екен. Сонда адамдар таңданыстарын жасыра алмай:
– Қалайша сен үйде бола тұра, үйге ұры түседі?! Сонда ештеңе байқамадың ба?! – деп сұраған екен.
– Мен намаз оқып жатқанмын. Раббыммен бірге едім. Еш нәрсе көрмедім де, естімедім де, – деп жауап беріпті әулие.
Міне, ихсан дегеніміз осы. Бұл оқиға әзірет Әлидің (р.а) намаз оқып жатқанда аяғына кірген оқты алатын оқиғаға ұқсайды. Олар намаз оқып жатқан сәтте өзін ұмытатын. Намаз оған ота кезінде қолданылатын анестезияның рөлін атқаратын және материалдық әлемнен шығып рухани әлемге самғайтын.
Хузуру дайми «Уә һуа мәғәкум әйнәмә кунтум» аятының сырына байланысты. Яғни, «Қайда болсаңдар да, Ол (Алла) сендермен бірге» («Хадид» сүресі, 4-аят).

Тәуліктің жиырма төрт сағатында неше рет қоныс аударсақ та, қанша алысқа сапар шексек те, барлық жерде Раббымыз бізді бақылап, бізбен бірге болады.
«Иманның ең кәмілі – қайда болсаң да Алланың сенімен бірге екенін білуің» деген Пайғамбар хадисі де, осы аят та хузуру даймиды түсіндіреді.

Хузуру дайми – Алланың барлығын, бірлігін, есімдері мен сипаттарын терең сезінумен қатар Оның нығметін сезіну және өмірінің әр сәті Оның бақылауы мен қадағалауында екендігін білу. Аяттарда келтірілгендей «Оның рұқсатынсыз бір жапырақ та жерге түспейді», «Ол көкіректегіні біледі», «Ол адам мен жүрегі арасында» секілді аяттар біздің дүниетанымымызды қалыптастырған ақиқаттар. Әрбір мүмін мұны қабылдап, растайды. Бірақ хузуру дайми – әрдайым бұл шындықтардың нақтылығына көз жеткізіп, ұғынумен өмір сүру деген сөз.

Алланың көріп қадағалап тұрғандығын, барлық есім, сипаттарымен барлық жерде екендігін, бүкіл болмысымен Аллаға тәсілім болғанын, әр сәт осы ақиқаттарды санасында жаңғыртып, жан-тәнімен сезінетін адам күнә жасай ма?! Әділетсіздікке барып, жалған сөз айта ма?! Хузуру даймиды жан-тәнімен сезінетін мүмін азан шақырылғанда намазға бармай басқа іспен айналыса ма? Құлшылығын тастай ма? Таң намазының уақыты кірген уақытта ұйықтап жата бере ме?
Олай болуы әсте мүмкін емес!

Алланың бар екеніне және бір екеніне шын иланатын, өзін әрдайым бақылап тұратынын білетін, тіршілігі мен өлімі, қуанышы мен қайғысы тек Оның уысында екендігін толық қабылдайтын мүмін Алланың әмірі мен тыйымдарынан тысқары шыға алмайды.Міне, осындай дәрежеге жеткен ізгі жандардың бірі Ахмет Зияуддин Гүмүшханеви науқастанып қалған кездің өзінде аяғын созудан тартынатын. Өйткені ол өзін әрдайым Алланың құзырындамын деп есептейтін. Сұлтандар Сұлтанының құзырында аяқ созуға бола ма? Жанындағылар оған «аяғыңды созып, тыныстап ал» десе де, ол дереу аяғын жиырып алып: «Мені күнәға батырмаңдар» дейтін.

Бұл ұлы дәреженің шыңына шыққан әзірет Бәдиуззаман бір секунд болса да уақытын босқа өткізбей құлшылық жасауға талпынғаны себепті аяқтары жараға айналады. Шәкірті Молла Расул осындай тақуалықты түсіне алмай былай дейді: «Біз де Алладан қорқамыз, бірақ тақуалықтан сенің жүрегің жарыла жаздап тұр».
Иә, хузуру дайми, басқаша айтқанда, жан-тәніңмен Алланы табу һәм білу деген сөз. Ауа, су, тау, тас, орман, теңіз, өзен – барлығы әрдайым Алланы еске салып тұрады. Атом, клетка, ұрық, ара, жұмыртқа, гүл, балық, жеміс, ағаш – барлығы Оның есімі мен сипаттарына айна болады.
Хузуру дайми – кез келген жаратылысқа қарап Алланы еске алу әрі Оның есімі мен сипаттарын ұғыну.

материал «Таң намазына тұрғың келсе...» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: