23
Сенбі,
Қараша

һижри

Дене мүшелеріміздің тәрбиесі

Дене мүшелеріміздің тәрбиесі

Иман келтіру

Тілімізден кейін, басқа дене мүшелерімізді тәрбиелей отырып іс-әрекеттерімізді түзету, дене мүшелерімізді адамгершілік қағидала- рына сәйкес қолдану – жеке басымыздағы міндеттердің бірі.

Бұл міндеттер қысқаша мыналар:

1) Қол-аяқты харамнан, басқаларға зиян тигізетін әрекеттерден сақтау;

2) Өзінікі емес нәрсеге жаман көзбен қарамау, басқалардың мінін іздемеу, сұқтанып қарап өзгелердің мазасын алмау;

3) Құлағымен өтірік, ғайбат, дүние мен ақырет үшін пайдасыз сөздерді тыңдамау.

4) Біреудің мал-жаны мен намысына тимеу.

Дініміз еңбек етіп, адал табыс табуды әмір етіп, тапқан-таянға- нымызды ысырап етуге және пайдасыз жерге жұмсауға тыйым салған.

Құран Кәрімде былай бұйырылады: «Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені, Алла ысырап етушілерді сүймейді»

Ысыраптың харам екендігі айқын түрде білдіретін осы аяттың соңындағы «Өйткені, Алла ысырап етушілерді сүймейді» деуі мұсылмандар үшін маңызды ескерту. Әлбетте, ешбір мұсылман Алланың сүймеген адамы болуды қаламайды.

Дініміз сараңдықтан да аулақ болуды, әрқашан өмірде орта және ақылға қонымды жолды ұстануды әмір етеді.     

Құран Кәрім Алланың мейіріміне лайық болған жақсы құлдың өмірде осы жолда жүргендер екендігін былайша баяндайды: «Олар (дүние) жұмсағанда ысырап та етпейді, сараңдық та жасамайды, екеуінің арасында орта жолды ұстайды».

Қарап отырсақ, дініміз бізге табысты қалай табуды үйреткені сияқты, қалай жұмсауды да үйреткен. Біздің міндетіміз – Раббымыздың әмірлеріне, пайғамбарымыздың өсиеттеріне құлақ асып, соған сай, артық кетпей және тепе-теңдікті ұстай отырып өмірімізді реттеу.

Тапқан-таянғанын қалай болса солай шашатын, шығысы мен кірісін есептемей, тапқанынан көп жұмсайтын адам, өмірінде қалаған дәрежесіне жете алмайды және ондай жанұяда береке болмайды. Мал-мүлкімізді, ақшамызды өз қажеттіліктеріміз бен қоғамның пайдасы үшін жұмсауымыз қажет.

Бір жанұядағы жағдай осындай болғаны сияқты ұлт ішінде де дәл солай. Ысырап – ұлттың өсіп-өркендеуіне кері әсерін тигізеді, жеке адамдар мен қоғамды құлдырауға әкеп соқтырады және де еңбектің босқа кетуіне себеп болады.

Еліміздегі негізгі қорек болып табылатын нанның қаншалықты ысырап болып жатқанын ойласақ ойлантарлық жайт. Негізінен қоқысқа лақтырылып жатқан тек нан емес. Ойлансақ, диқанның маңдай тері, оны нан қылғанға дейінгі істегендердің еңбегі және сатып алушының ақшасы да ысрап болып жатыр.

Пайғамбарымыз нанды қастерлеуді өсиет еткен. Егер нанды лақтырсақ, сол өсиетті орындамаған боламыз әрі нанды қастерлемеген боламыз. Табаққа жей алатынынан артық тамақ құйып артығын төгу, қажеттен тыс электр жарығын жағу, шүмектен артық судың ағуы да ысырап. Ешкімнің осыларды мөлшерден тыс қолданып ысырап етуге қақысы жоқ.

Уақытты бос өткізу де ысырап. Өзінен тұрмысы жағынан жоғарғыларға еліктеп, қарапайым киімдерін тастап қымбатын алу, әр күн ауысатын моданы қуамын деп қарызға бату да ысырап. Бұлар дініміздің орташа өмір сүру үшін қойған принциптеріне кереғар, әлеуметтік теңдікті жоятын және экономиканы құлдырататын іс-әрекеттер болып табылады.

Дамыған елдер – тынбай еңбек ететін және тапқан табысын орынды жұмсайтын, ысыраптан қашатын елдер болып саналады.

Мүмкіншіліктерімізді, уақытымызды, табысымызды, жер асты және жер үсті байлықтарымызды орынды пайдалануымыз, ие болған нығметтердің қадірін білуіміз, ысыраптан, қалай болса солай пайдаланудан сақ болуымыз қажет. Осылай жасасақ, ұлт болып, дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Орнымен жұмсаған кедей болмайды» дей отырып, біздің өмірімізге қажет маңызды бір қағида қойып кеткен. Ысыраптың зияны тек қана дүниеде емес екендігін ұмытпағанымыз жөн.

Өмірін және мал-мүлкін дұрыс қолданбағандар қиямет күні осылардың есебін береді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай бұйырады: «Қиямет күні адам төрт нәрседен сұраққа тартылмай Алланың алдынан кетпейді:

1) Өмірін қайда өткізгендігі;

2) Денесін қай жерде қолданғандығы;

3) Мал-мүлкін қалай тауып, қайда жұмсағандығы;

4) Білімімен қандай амал жасағандығы».

материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: