Амр ибн Жәмухтың оқиғасы:
Сәләма ұлдарының бетке тұтар кейбір азаматтары былай деген: «Амр ибн Жәмух (р.а.) ақсақ болатын. Оның бірінен-бірі өткен сайдың тасындай үш ұлы бар еді. Олар Алла расулымен барлық жорыққа қатысты. Бірде ұлдары әкесінің сылтып басатын кемтарлығын ойлап, Ұхұд соғысына қатысуына қарсы болғанда, Амр (р.а.) Пайғамбарымызға (с.а.с.): «Уа, Расулалла, менің Алла жолында және сенің қол астыңда жауға атой сап, жорыққа шығуыма балаларым қарсы болып жатыр.
Уаллаһи, мына ақсақ аяғыммен жұмаққа барғым келеді», – дейді. Пайғамбарымыз: «Алла сенің жағдайыңды да, не ойлағаныңды да жақсы біледі, сондықтан да саған жиһад парыз емес», – дейді. Алайда Алла расулы Амрдың риясыз көңілінен туған осынау тілегін жерге тастағысы келмей, оның ұлдарына: «Әкелеріңнің жолын бөгемеңдер, бұған қақыларың да жоқ. Хақ тағала оған шейіттікті нәсіп етеді деп үміттенемін», – дейді.
Сөйтіп, Амр ибн Жәмух Расулаллаһпен бірге Ұхұд соғысына қатысып, шейіт болады. Осы оқиғаға куә болған Әбу Қатада (р.а.) айтады: «Амр ибн Жәмух Пайғамбарымызға келіп: «Шейіт болсам, жәннатта ел сияқты екі аяғымды тең басып жүре аламын ба?» – деп сұрайды. Расулалла: «Иә», – деді.
Ұхұд соғысында мүшріктер оның өзін, немере інісін және азат еткен құлын өлтірді. Шайқастың күн жүзін көлегейлеген шаңы басылған сәтте, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Амрдің өлі денесінің жанына келіп: «Амрды ақсақ аяғы жұмақта жазылып, екі аяғын тең басып жүргенін көріп тұрғандаймын», – деді».
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,
ummet.kz