Біз көбіне біреудің жамандағанына немесе жай ғана айтқан сынына қапа болып, сары уайымға батамыз. Ол соған тати ма?
Егер сын-пікір бір нәрсеге негізделсе және ол дұрыс болса, онда оның астарында біздің түзелуімізді қалау бар. Сондықтан біз оған разы болуымыз керек.
Ал енді егер бізді Жаратқанға мойынсұнып, одан қорқып, тақуалыққа ұмтылып, жақсылық жасауға әрекеттеніп, жақсы істерді шын ықыласпен орындап жүргенімізге қарамай жамандайтын болса, онда бұл, бәлкім, жамандардың көреалмаушылығы, ол бізге ешқандай зиянын тигізе алмайды.
Көбінесе бізді көреалмағандықтан жамандайды. Яғни біз одан қайсыбір жағымызбен асып кетсек, оның оған шыдауы өте қиын. Жаратқанның бізге жарылқап берген жақсы нәрсесі үшін, бәлкім, ол бізді жамандайды. Мұндай көреалмас, қызғаншақтардың ойынша, бізде сондай жақсылықтардың болуының өзі күнә және үлкен қылмыс.
Мұндай көреалмастардың жаман сөздері бізге тау-тасқа тиген жаңбырдың тамшысындай да әсер етпеуі керек.
Сөйлеп жатқан кісіге де, естіп жатқан кісіге де пайда әкелмейтін бұндай сөздерге құлақ салма, жауап қайтарма. Оған наразы болма да. Мұндай ақылсыздардан жүзіңді бұрып әкет. Оларға сенің өміріңді уландыруына және бақытыңды бұзуына мүмкіншілік берме. Олардың сөздеріне жауап берем деп өзіңді пәс қылып, олардың деңгейіне түспе. Жаман өсек-аяң сөздерден жоғары бол.
Егер сені жақсы, тақуа және лайықты кісілерді жамандауды әдетке айналдырғандар жамандаған болса, онда бұл қайғыратын нәрсе емес. Бұл – қуанатын нәрсе.
материал «Мұңайма» кітабынан алынды,
ummet.kz