23
Сенбі,
Қараша

һижри

Жүректің қатаюын көрсететін себептер мен белгілер

Жүректің қатаюын көрсететін себептер мен белгілер

Иман келтіру

Жүректің қатаюын көрсететін себептер мен белгілер бар. Олар адамға ықпал етуі мен тигізетін қатері жағынан әр түрлі келеді. Бұлардың ең маңызды белгілері төмендегідей:

1. Ізгі амал мен Аллаға бойсұнып құлшылық жасауда жалқаулық көрсету.
Бәлкім, ол адам құлшылық жасағанда олардың кейбірін тәрк етуі мүмкін. Мысалы намазды оқыған уақытта ешқандай рухани азық алмай тек қимылдарды орындайды. Тіпті қамауда отырған адам сияқты жаны қысылып намаздан неғұрлым тез шығуды қалайды. Сол сияқты намаздың сүннеттерін орындау да қиынға соғады. Ол кісіге Алланың әмір қылған парыздары арқасына жабысқан ауыр жүк секілді көрінеді де, көкейі одан тез арада құтылсам деп сайрап тұрады. Алла Тағала мұнафықтарды (екіжүзділерді): «Олардың жұмсаған нәрселерінің қабыл болуына Алла мен Оның елшісіне қарсы болғандықтары, намазға жалқауланған түрде ғана келулері мен өздері жақтырмай берген садақалары ғана кедергі болды» (Тәубе, 54); «Мұнафықтар Алланы алдамақшы болады. Негізінде Алла оларды алдап қоюшы. Қашан олар намазға тұрса жалқауланып тұрады. Олар (намазды) адамдарға көрсету үшін оқып, Алланы өте аз еске алады», – деп сипаттаған (Ниса, 142).

2. Құран аяттарына және имандылық жолындағы үгіт-насихатқа берілмейді.
Мұндай жүрек Құран аяттарын, амалға сай уәде етілген орындарды естіген сәтте мойынсұнбайды және әсерленбейді. Сол сияқты Құран Кәрімді оқуға немқұрайлық танытады. Алла Тағала: «(Мұхаммед!) Олардың не деп айтқандарын жақсы білеміз. Сен оларға мәжбүрлеуші емессің. Азаптан қорыққанды, Құранмен насихат қыл» (Қаф, 45), – деп әмір қылған. Соған қарамастан жүрегі тас бола бастаған кісінің Құранды зейін қойып тыңдауы салғырт келеді. Ол көңілін басқа нәрсеге аударып, кетіп қалуға асығып тұрады. Алла шынайы мұсылмандарды: «Сөзсіз мүміндер Алла еске алынғанда жүректері қобалжиды. Алланың аяттары оқылса имандары күшейіп, Раббыларына тәуекел қылады. Сондай-ақ олар намазды толық орындап берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды», – деп мақтаған (Әнфәл, 2).

3. Айналасын қоршаған құбылыстар, жаратылыс ғажайыптары немесе өлім сияқты жайттар әсер етпейді.
Өзін қоршаған ортада ара-тұра болып тұратын жаратылыс ғажайыптары, өлім- жітім немесе мәйіт сияқты құбылыстарға толқымайды. Мүрденің, қабірдің қасынан әдеттегідей жүріспен өтіп кетеді. Әйтпесе өлім дегеніміз тұрған бойы насихат, яғни мәйітті, қабірді көрген адамның тұла бойы тітіреніп ойлануы тиіс. Жоғары мәртебелі Алла: «Сондай-ақ ол сүре (Құран) жүректерінде дерті барларының жамандықтарының үстіне жамандық арттырады. Олар қарсы болған күйде өледі. (Мұнафықтар) әр жылы бір немесе екі рет сыналғандарын көрмейді ме? Сонда да олар тәубе етпейді, насихат та алмайды», – деген (Тәубе, 125-126).

4. Ынтызарлығы дүние рақаттарымен артады да, Ақыретіне әсер етеді.
Оның уайымы да, жұмысы да дүние болады. Ол – кісінің бұл тіршіліктегі жеке мүддесі адамдар қатынасындағы сүйіспеншілік пен дұшпандықта өлшем таразысына айналады. Сондықтан қызғаншақтық, қырсықтық және сараңдық пен іштарлық қасиеттер оның бойын билейді.

5. Жоғары мәртебелі Алланы ұлықтау амалы әлсірейді.
Алла Тағаланы зікір қылу құштарлығы бәсеңсейді де жүректегі иманның шоғы кеми түседі. Мұндай адам шариғат заңының бұзылғанын көрсе жүрегінде жеркеніш тумайды, ал тыйым салынған харам нәрсенің орындалғанын көрсе қарсы әрекет жасамайды. Зорлық-зомбылықты естіген жағдайда ешнәрсе болмағансып үнсіз қала береді. Жүрегі осы дертке шалдыққан кісі Алланың орында деп бұйырған нәрсесін орындамайды және тосқан нәрсесінен аяқ та тартпайды.

6. Тасжүрек адамның бойын үрей билейді.
Шыбын жаны қысылады, адамдардың арасында тұра алмайтын халге ұшырайды. Сондай-ақ ол адамға өмір сүру мен тұрақтылықтың пайдасы жоқ болып көрінеді де кез келген нәрсенің көлеңкесінен туған уайым күшейіп үдей түседі.

7. Күнә жасау өзіне ұқсайтын әрекетті тудырады:
Шариғатты бұзып күнә жасау амалы бірінен-бірі туып жалғаса береді. Тіпті оларды бір-бірінен айыру қиынға соғып, әдеттегі амалға ауысады.

материал «Жүрек неге тасқа айналды?» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: