Игілік жолында өз рахатын, тіпті жанын қию – махаббаттың белгісі. Альтруизм деп, өз қажетінен басқалардың қажетін артық көруді айтады.
Мұндай мұсылмандар, өз міндеттерін орындаумен қатар айналасындағы адамдарды да бақытты етеді. Алланың елшісі (с.ғ.с) өзгелердің мүддесі мен қуанышы үшін, барша адамзаттың игілігі мен бақыты үшін өмірін аямаған еді. Мәдинаға көшіп келген сахабалардың игілігі үшін ансарлар да қаншама мал дүниелері мен рахаттарын қиған болатын, Алла Тағала оларға разы болсын.
Әбу Һурайраның айтуынша, Алла Тағала оған разы болсын, бір кісі Алланың елшісіне (с.ғ.с) келіп: «Әй, Алланың елшісі, мен ашпын» - дейді, ол оны әйелдеріне жібереді, алайда олардың үйлерінде оған ешнәрсе табылмайды. Сонда ол: «Алла рахымына бөлесін, мынаны тамақтандыратын біреу бар ма екен?» - деп сұрайды. Ансарлардың біреуі орнынан тұрып: «Алланың елшісі-ау, мен бармын» - деп, оны өзімен бірге алып кетеді. Үйіне келген соң, әйеліне: «Бұл – Алланың елшісінің қонағы, ешнәрсені аяма!» - дейді. Әйелі оған: «Алламен ант етемін, балаларға қалдырып қойған нәрседен басқасы жоқ» - дейді. Ол: «Балалар кешкі асты қалаған кезде, оларды алдандырып ұйықтатып таста, олардың үлесін қонаққа берейік, сол кезде сен шамды өшіре сал, бір түн аш бола салсақ ештеңе болмас» - дейді. Әйелі күйеуінің айтқанын орындайды. Әлгі адам таңғы уақытта Алланың елшісіне (с.ғ.с) барады. Алланың елшісі (с.ғ.с) былай дейді: Пәленшенің әйелі екеуі істеген қылығына Алла қызығып күлді де мына аятты түсірді: «..және олар басқалардың мүдделерін өздерінен артық көреді, тіпті өздері мұқтаж болса да. Кім жан дүниесіндегі сараңдықтан құтылса, солар – табысқа жетушілер» («Хашр» сүресі: 9).
Альтруизмге қарама-қарсы қасиет – эгоизм, бұл – өз басынан басқа ештеңені ойламау, мұндай адамнан отбасына да, туыстарына да, қоғамға да ешқандай жақсылық болмайды. Бұндай адам туралы пайғамбарымыз (с.ғ.с) жақсы сөз айтпаған екен: «Көршісінің аш екенін біле тұра өз құрсағын тойдырып, емін-еркін ұйықтаған адам мүмін емес».
материал «Ең бақытты әйел» кітабынан алынды,
ummet.kz