24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Пендені күнәдан сақтаған ең негізгі нәрсе

Пендені күнәдан сақтаған ең негізгі нәрсе

Иман келтіру

Пендені күнәдан сақтаған ең негізгі нәрсе – Алладан қорқу. Алланың жазасынан, азабынан сақтану.

Алла Тағала былай дейді: «(Уа, мүміндер!) Алла елшісінің өздеріңді шақырғанын һәм сендер үшін дұға еткенін, бір-біріңді шақырғанмен һәм бір-бірің үшін дұға еткенмен тең көрмеңдер. Оны бір-біріңді шақырғандай шақырмаңдар, оған бір- біріңе үн қатқандай үн қатпаңдар. Араларыңнан бірін-бірі қалқалап, (пайғамбар құзырынан) ұрланып шығып кететіндерді Алла, әлбетте, біледі. Олай болса, Алла елшісінің бұйрығына қайшы келгендер бастарына (берекелерін кетіретін) бір бәленің немесе жан төзгісіз ауыр азаптың келуінен қорықсын». («Нұр» сүресі, 63).

 Пайғамбарымыз (с.а.с.) өлім алдында жатқан бір жас жігітті көргелі кірген еді. Одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?» – деп сұрады. Жігіт: «Уа, Алланың Елшісі, Алладан үмітім бар, бірақ жасаған күнәларымнан қорқып жатырмын!» – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер кісінің көңілінде сол екі сезім болса, онда Алла Тағала оны тілегіне жеткізеді және қорыққан нәрсесінен сақтайды», – деп айтты.

Уахаб ибн Уард (рахматуллаһи аләйһи) айтады: «Иса (а.с.): «Пейішті сүю және тозақтан қорқу бәлелерге шыдауға мүмкіншілік береді, пендені бұл дүниенің бейбас құмарынан және жамандықтарынан аулақтатады», – деп айтты».

Хасан Басридің (рахматуллаһи аләйһи) риуаят еткені бойынша, «Сендерден бұрын өткендердің арасында күнәні өте үлкен көргендіктен шағыл тастай көп алтынын садақа қылса да құтыла алмай қалудан қорыққандар бар болды», – деп айтылады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні сахабаларға: «Мен білгенді білсеңдер, аз күліп, көп жылап, Алланың азабының ауырлығынан, жазасының қаттылығынан қорқып тауларға шығыпоған жалбарар едіңдер. Ешбірлерің құтылып, құтыла алмастарыңды білмейсіңдер», – деген.

Бәкир ибн Абдулла әл-Музини (рахматуллаһи аләйһи): «Қуана-қуана күнә жасаған кісі жылап-сыздап тозаққа кіреді», – деп айтқан.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Пенде Алланың азабы туралы толық білсе, тозақтан қорқу сезімі еш көңілінен шықпас еді», – деген.

Бұхари мен Мүслимнің риуаяты бойынша, «Алдымен ең жақын туыстарыңа ескерт» деген мағынадағы аят түскенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) орнынан тұрып, құрайыш руына: «Уа, құрайыштықтар! Өздеріңді Алладан сатып алыңдар. Мен сендердіАлланың ешбір үкімінен құтқара алмаймын. Уа, Абдуманаф ұлдары, сендердіАлланың ешбір үкімінен арашалап қала алмаймын. Уа, Алланың Елшісініңкөкесі ибн Аббас, сені Алланың ешбір үкімінен құтқара алмаймын. Уа, Алланың Елшісінің нағашы әпкесі Сафия, сені Алланың ешбір үкімінен сақтап қала алмаймын. Уа, Мұхаммедтің қызы Фатима, менен қалаған мал-мүлік сұра, бірақ сені Алланың ешбір үкімінен арашалай алмаймын», – деді.

«Сондай-ақ Алла жолында зекет-садақа бергенде және басқа да игі істер істегенде, өздерінің Раббыларына қайтар жолда екенін шын сезініп, (Раббымызға лайықты құл бола алдық па, Оны разы ете алдық па деп) қатты қобалжып, жүректері дүрсіл қағатындар. Міне, осынау ізгі жандар жақсылықта, қайырлы істерде дамыл таппай шырқ ұрып жүреді, жақсылық жасауда бір- бірімен жарысады» деген мағынадағы аят түскенде, әзірет Айша Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Аятта зина жасаған, ұрлаған, шарап ішкен және сонымен бірге Алладан қорыққан кісілер туралы айтылып жатыр ма?» – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жоқ. Аятта намаз оқыған, ораза ұстаған, садақа берген және соған қарамай «жасаған жақсы істері қабыл болды ма, болмады ма?» деп Алладан қорыққан кісілер туралы айтылып жатыр», – деп жауап берген.

Бір кісі Хасан Басриге (рахматуллаһи аләйһи): «Уа, Әбу Сағид, кейбір пенделер Алланың рақымы туралы естігендей баяндағанда көңіліміз толқып, ұшып кеткендей боламыз. Ондай уақыттарда өзімізді қалай ұстауымыз керек?» – деп сұрайды. Хасан Басри оған: «Аллаға ант етейін. Сендердің Алладан қорқу туралы баяндап, жүректеріңе сенім берген кісілермен әңгімелескендерің, әрдайым Алланың рақымы туралы айтып, Жүректеріңді толқытқандармен әңгімелескендеріңнен жақсырақ», – деп жауап береді.

Әзірет Омар (р.а.) арқасынан пышақ қадалып, өлім алдында жатқанда ұлына: «Уа, жетім қалғырым! Жағымды жерге тигіз. Егер Ол (Алла Тағала) маған рақым қылмаса құрығаным сол!» – дейді. Ибн Аббас (р.анһума) оған: «Уа, Мүминдердің басшысы, неге мұнша қорқасың? Алла саған қаншама жеңістерді нәсіп етті, қаншама аймақтарды бағындыруға себеп болдың, қаншама игіліктерге жеттің?!» – деді. Омар (р.а.): «Ешкімге зұлымдық жасамай, ешкімнің жамандығын көрмей, құтылғым келеді», – деп айтты.

Әзірет Алидің (р.а.) немересі Зайналабидин (рахматуллаһи аләйһи) дәрет алған сайын денесі қалтырайтын. Оның себебін сұрағандарға: «Кімнің алдында жалбаруға дайындалып жатқандарыңды білесіңдер ме?» – деп айтты.

Ахмад ибн Ханбал (рахматуллаһи аләйһи): «Алладан қорыққанымнан тамақ-асқа тәбетім тартпай қалады», – деп айтқан.

Бұхари мен Мүслимнің риуаяттары бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ешбір көлеңке болмаған қиямет күні Алланың Аршының көлеңкесінде саялайтын жеті түрлі кісінің бірі ретінде «Жалғыз қалғанда Алланы еске алып көздеріжасқа толған кісі», – деген.

Ибн Аббастың (р.анһума) риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Екі түрлі кісінің көзі тозақты көрмейді: біріншісі – түн ішінде Алладан қорқып жылаған кісінің көзі, екіншісі – Алла жолында күзетте тұрып таң атырған кісінің көзі», – деген.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қиямет күні сол үшеуінен басқа барлық көздер жылайды. Олар:

1) Алла арам қылған нәрсеге қарамаған көз;

2) Алла жолында күзетте тұрып таң атырған көз;

3) Алладан қорқып, шыбынның басындай жас ағызған көз», – деп айтқан.

Тағы бір хадисте былай деп айтылады: «Сауылған сүт желінге қайтып кірмегендей, Алладан қорқып жылаған көз де тозаққа кірмейді. Алла жолында күрескен кісінің денесіне тиген шаң мен тозақ отының түтіні бірікпейді».

Амр ибн Ас (р.а.): «Алладан қорқып, бір тамшы жас ағызу мен үшін бір динар садақа бергеннен де сүйікті», – деген.

Аун ибн Абдулла (рахматуллаһи аләйһи): «Білуімше, Алла үшін жылаған пенденің көз жасы денесінің қайсы жеріне тиген болса, Алла Тағала ол жерді тозақ отына тигізбейді», – деп айтқан.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алладан қорқып жылағанда көкірегінен қайнаған қазанның үніндей бұрқылдаған дауыс шығып тұрды.

Кинди (рахматуллаһи аләйһи): «Алладан қорқып жылағанда аққан жастың бір тамшысы теңіздей үлкен тозақ отын өшіреді», – деген.

Ибн Симак (рахматуллаһи аләйһи) өзін-өзі: «Тақуадай сөйлейсің, бірақ мұнафықтай жүресің. Содан соң пейішке кіргің келеді. Қайдағы пейіш?! Пейіш басқалар үшін. Олардың істері біз қалаған істердей емес», – деп жегідей жейтін.

Суфиян Саури (рахматуллаһи аләйһи) айтады: «Жағфар Садықтың жанына барып: «Уа, Алланың Елшісінің немересі, маған өсиет айтыңыз», – десем, ол: «Суфиян, өтірікшіде адамгершілік, қызғаншақта тыныштық, жалқауда достық болмайды. Жаман мінезді кісіде кеңпейілдік болмайды», – деді.

Оған: «Уа, Алла Елшісінің немересі, жалғастыра беріңіз», – дедім. Ол: «Суфиян, Алла арам қылған нәрселерден аулақ болсаң, ғибадат жасаған боласың, Алла берген үлесіңе разы болсаң, шынайы мұсылман боласың. Адамдар саған не деуін қаласаң, сен де адамдарға соны айтсаң, мүмин боласың. Күнәһармен дос болма, саған жаман әдеттерін үйретпесін. Яғни «Пенде досының дінінде болады. Сондықтан кісі кіммен достасуына қарасын» деген хадиске лайық жүруің керек. Бір іс бастардың алдында Алладан қорыққандармен кеңес», – деді.

Мен оған: «Уа, Алланың Елшісінің немересі, сөзіңді жалғастыр», – дедім. Ол сөзін былай жалғастырды: «Суфиян, кім текке сүйенбеген асылдықты және мансапқа сүйенбеген күшке ие болуын қаласа, күнәға батпай Аллаға ғибадат жасасын».

Оған: «Тағы жалғастыра бер», – десем, «Әкем маған: «Балам, жаман жолдасы болған кісінің басы бәледен арылмайды. Жаман жерлерге кіріп-шыққан кісі сынға ұшырайды. Тілін тыя алмаған пенде өкініп қалады» деген үш нәрсені баса белгілеп айтып берді», – деді.

Ибн Мүбәрак (рахимаһуллаһу) айтады: «Ухайб ибн Уардтан: «Алланың бұйрығына қарама-қарсы іс жасағандар ғибадаттың дәмін тата ала ма?» – деп сұрадым. Ол: «Жоқ, Алланың бұйрығына қарама-қарсы іс жасауды ойлаған кісілер ғибадаттың дәмін сезе алмайды», – деп жауап берді.

Имам Әбу Фараж ибн Жаузи (рахматуллаһи аләйһи) айтады: «Алладан қорқу – бейбас нәпсіні күйдірген от. Демек, оның ұлылығы нәпсінің қалауларын жандырып жоқ қылғанына және күнәдан алыстатып, ғибадатқа жетелегеніне сай өлшенеді».

Алладан қорқу қайтіп ұлы қасиет болмасын?! Аят пен хадистерден алған мағлұматымызға қарағанда, арлылық, тақуалық, Алла жолында күресу және соған ұқсаған Аллаға жақындататын істер Алладан қорқумен ғана пайда болады.

Алла Тағала былай дейді: «Раббыларынан шын именетіндер үшін тура жолға бастайтын иләһи үкімдер мен нұсқаулар және рақым бар еді». («Ағраф» сүресі, 154).

«Алла оларға разы, олар да Аллаға дән риза. Міне, осынау «разылық» мәртебесі Раббысына тиісінше тағзым етіп, Одан шын именетін ізгі жандарға нәсіп болады». («Байина» сүресі, 8).

«Раббысының құзыры дегенде (яғни, Раббысының алдына баратын күнді ойлап) аза бойы қаза болатын мүмінге екі бірдей жаннат бар». («Рахман» сүресі, 46).

«Алладан қорыққандар айтылған насихаттан сабақ алады». («Ағла» сүресі, 10).

«Шынтуайтында, Алладан құлдарының арасынан тек ғұламалар ғана шын именеді». («Фатир» сүресі, 28)

Ілімнің ұлылығын білдірген аят пен хадистер сонымен қатар Алладан қорқудың да ұлылығын білдіріп жатыр. Өйткені Алладан қорқу – ілімнің жемісі.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Пенденің денесі Алладан қорқып тітірегенде қураған ағаш жапырағын төккендей күнәларынан арылады», – деген.

Алла Елшісі (с.а.с.) айтады: «Алла Тағала: «Ұлылығымның құрметіне пендеме екі қауіпсіздікті екі қорқынышпен бірге бермеймін. Демек, бұл дүниеде Менен қорықпағандар ақыретте қорқынышқа душар болады. Бұлдүниеде Менен қорыққандардың ақыретін қауіпсіз қылам», – дейді».

Әбу Сүлеймен Дарани (рахматуллаһи аләйһи): «Алладан қорқу сезімі болмаған жүрек – құриды», – деп айтады. Өйткені Алла Тағала: «Әлде олар Алланың өздерін тосыннан жазаламайтынына сенімді болды ма? Шындығында, ақыр түбі орасан зиян шегіп, сорлап қалатын қауым ғана Алла өздерін аяқ астынан жазаламайды деп сенеді» («Ағраф» сүресі, 99) деген.

материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: