25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Пенденің Раббысынан сұрайтын ең басты тілектері

Пенденің Раббысынан сұрайтын ең басты тілектері

Иман келтіру

Пенде Раббысынан дін және дүние істеріндегі бүкіл қажеттіліктерін сұрайды.

Өйткені әрбір қазына Алла Тағаланың ғана қолында. Алла Тағала ол туралы: «Қандай нәрсе болмасын, оның қазыналары Біздің жанымызда. Олардан белгілі бір мөлшерді ғана түсіреміз», – деген. Алла Тағаланың бір пендесіне бергеніне ешкім тосқауыл бола алмайды және бір пендесіне бермегенін ешкім де бере алмайды.

Бұл туралы Пайғамбар (с.а.с.): «Уа, Алла! Бергеніңе ешкім тыйым сала алмайды, ал бермегеніңді ешкім бере алмайды. Бай адамның байлығы Сенің азабыңнан (құтылу үшін) пайда бермейді», – деген. Яғни, қандай байлықтың иесі болса да оның байлығы Алланың азабынан құтқарып, пайдасын тигізбейді. Шын мәнінде пендеге тек қана оның иманы мен құлшылығы ғана 3 пайдасын бермек. Алла Тағала Өзінен пенделерінің дін және дүниедегі барлық мүдделерін, тағамдары мен сусындарын, сондай-ақ туралық пен жарылқауды, кешірім және есендікті сұрағанын жақсы көреді. Алла Тағала: «Алладан артықшылығын сұраңдар. Расында, Алла барлық нәрсені білуші», – деген. Әбу Масғуд әл-Бәдри (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Алладан кеңшілігін сұраңдар. Шынында Алла Өзінен сұрағанды жақсы көреді. Ғибадаттың ең абзалы – Алланың медетін күту», – деді», – деген. 

Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Сендердің біреулерің Раббысынан барлық қажетін, керек болса, аяқ киімінің үзіліп қалған бауын да сұрасын», – деді», – деген. Қайткенмен де, пенде ең әуелі шынайы бақытқа жеткізетін аса маңызды іс амалдарға мейлінше көңіл бөлуі керек. Мәселен:

1. Алладан тура жолға салуын сұрау

Алла Тағала: «Алла кімді тура жолға салса, сол – тура жолды табушы. Ал, кімді адастырса, оған ешбір жолбасшы таба алмайсың», – деген. Туралықтың (һидаяның) екі түрі бар:

а) Жалпы туралық – иман келтірген адам қол жеткізетін иман және Исламға бастайтын туралық.

б) Егжей-тегжейлі туралық. Туралықтың бұл түрі – мұсылманды иман және Исламның бүге-шүгесіне дейін ұғынуға жетелеп, сол екеуіне амал жасауға итермелейтін туралық. Соңғысы иман келтірген пенденің күнделікті тіршілігінде күнітүні қажет. Сондықтан да Алла Тағала пенделеріне намаздарының әрбір ракағатында: «Саған ғана құлшылық қыламыз әрі Сенен ғана жәрдем сұраймыз», – деп айтуды бұйырды. Пайғамбардың (с.а.с.) өзі де намазын бастайтын беташар дұғасында: «Уа, Алла! Өзіңнің қалауыңмен адамдар таласқан ақиқатқа жетелей гөр! Шындығында, Сен қалағаныңды тура жолға саласың», – дейтін. Сонымен бірге, Муғаз ибн Жәбәлға әрбір намазынан кейін «Уа, Алла! Өзіңді зікір етуіме, шүкір етуіме және көркем ғибадат жасауыма көмектесе гөр!» – деп айтуды өсиет еткен.

Ал түнгі намазын бастарда: «Уа, Алла! Мені ең жақсы мінез-құлыққа бастағайсың, расында, оның ең жақсысына Сенен басқа ешкім де бастай алмайды және мінез-құлықтың жаманын менен аулақ еткейсің, расында, оның жаманынан Сенен басқа ешкім де аулақ ете алмайды», – деген дұғаны оқитын. Тағы бірде Пайғамбар (с.а.с.) Әли ибн Әбу Талибке (Алла оған разы болсын): «Уа, Алла! Өзіңнен тура жол мен дұрыстықты сұраймын», – деп айтуды бұйырған. Ал немересі Хасан ибн Әлиге (Алла әкесі екеуіне разы болсын) үтір намазында оқылатын құныт дұғасында: «Уа, Алла! Өзің тура жолға салғандармен бірге мені де тура жолға сала гөр», – деп айтуды үйреткен.

2. Алладан күнәларға кешірім сұрау

Шындығында, пенденің Раббысынан сұрайтын ең маңызды тілектерінің бірі – күнәларын кешіруді немесе соның негізінде болатын тозақтан құтылу мен жаннатқа кіруді сұрап жалбарыну. Пенде Алла Тағаланың өзінің күнәларын кешіруіне аса мұқтаж, өйткені ол күні-түні алуан түрлі қателіктер мен күнәлі істер жасайды. Ал барлық күнәларды тек Алла қана кешіре алады. Бұл істің аса маңыздылығы үшін Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, адамдар! Аллаға тәубе жасаңдар! Расында мен күніне жүз рет тәубе жасаймын», – деген. Ал ән-Нәсәидің нұсқасында: «Уа, адамдар! Аллаға тәубе етіп, одан кешірім тілеңдер! Мен күніне Аллаға жүз рет, не жүзден де көп рет тәубе етіп, күнәларыма кешірім сұраймын», – делінген. Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Біз Алла елшісімен (с.а.с.) болған бір отырыста оның (с.а.с.) жүз рет: «Раббым! Мені кешіріп, тәубемді қабыл ала гөр! Шынында, Сен тәубелерді Қабыл алушы әрі Рақымдысың», – деп айтатынын санап шығатынбыз», – деген. Әт-Тирмизидің нұсқасы мен Ахмадтың риуаятында: «Раббым! Мені кешіріп, тәубемді қабыл ала гөр! Шынында, Сен тәубені Қабыл алушы әрі Кешірушісің», – делінген.

Алла елшісі (с.а.с.) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім, «Одан өзге құдай жоқ, Тірі әрі өздігінен Тұрушы Ұлық Алладан кешірім тілеймін және Оған тәубе етемін» деп айтса, жаумен бетпе-бет келгенде артқа қашқан болса да оның күнәлары кешіріледі», – деген. Алла Тағала: «Кімде-кім бір жамандық істеп не өзі-өзіне зұлымдық жасап, сосын Алладан кешірім тілесе, Алланың өте Кешірімді әрі аса Мейірімді екендігін таныр еді»; «Шынында, Мен тәубе жасап, иман келтірген және ізгі амал жасап, сосын тура жолмен жүргендер үшін аса Кешірімдімін», – деген. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) жеткен қудси хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Тағала: «Ей, адам баласы! Егер сен Маған дұға етіп, жалбарынсаң, сенің бұрынғы күнәларыңды кешіремін, мән бермеймін. Ей, адам баласы! Күнәларың көкке жетіп, сосын Менен кешірім тілесең, кешіремін, мән бермеймін. Ей, адам баласы! Маған жер бетіндей күнәлармен келсең де, сосын Маған еш серік қоспай жолықсаң, Мен де саған жер бетіндей кешіріммен қараймын», – деді», – деген. Көбінесе истиғфар (кешірім тілеу) сөзі тәубе сөзімен қатар қолданылады. Ондайда истиғфардың мағынасы тілмен кешірім сұрау дегенді білдіріп, ал тәубе күнәлардан жүрекпен және дене мүшелерімен біржола арылу дегенді білдіреді. Алла Тағала «Әлі Имран» сүресінің 135-аятында күнәларына кешірім тілеп, одан кейін оларға қайтып оралмауға бекінген жанға Өзінің кешірімі лайықты болатындығы туралы айтқан. Құран Кәрім мен хадис шәрифтердегі осы кешірім тілеу – истиғфарға қатысты айтылғандарының барлығы да кешірім етудің сипатын осылайша белгілеген. Ал тілімен ғана кешірім тілеп, бірақ жүрегімен күнәдан қайтпау жай дұға болып есептеледі. Алла мұндай дұғаны қаласа қабыл етеді, қаласа кері қағады. Күнәға қайта құлшыну дұғаның қабыл болуына кедергі келтіреді. Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Мейірімді болыңдар, сонда мейірімге бөленесіңдер. Кешірімді болыңдар, сонда Алла да сендерді кешіреді. Түбі бос ыдыстай сөздерден пайда алмайтындар үшін қандай өкініш! Істеген күнәларына қайта-қайта құлшынып тұратындар үшін қандай өкініш!» – деді», – деген. Егер мұсылман: «Күнәларым үшін Алладан кешірім тілеп, Оған тәубе етемін» («Астағфируллаһа уә әтубу иләйһ») деп айтқан кезде екі түрлі жағдайдың бірінде болады. Бірінші жағдайда: Ол осы дұғаны айтқанымен, күнәға жүрегімен беріліп тұрады. Мұндайда ол әлі шынайы тәубе етпейді де, оның «тәубе етемін» дегені өтірікке саяды. Ол өзін тәубе етушімін деп жарияласа да, шын мәнінде баяғы ниетінде қалып, өтірікшіге айналады. Екінші жағдайда: Күнәдан жүрегімен біржола арылып, Раббысынан шынайы тәубені сұрап, Оның алдында күнәға қайтып соқтықпауға серт етеді. Шындығында осылайша бекіну – ол адам үшін міндетті амал. Сөйтіп ол «тәубе етемін» деген сөзі арқылы ішкі жан-дүниесіндегі кесімді шешімін шынайы түрде жариялай алады.

3. Алладан жәннатты сұрап, тозақтан сақтану

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) бір кісіге: «Намазда не айтасың?» – деп сұрағанда, ол: «Тәшәһһуд дұғасын оқимын, сосын Алладан жәннатты сұрап, тозақтан сақтанамын. Алайда, Сіздің ыңылдауыңыз (дұғаңыз) қандай көркем, Муғаздікі ондай емес», – деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Біз де соның төңірегінде ыңылдаймыз», – деді», – деген. Яғни, біз де жаннатты сұрап, тозақтан сақтанамыз деген. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Алладан үш рет жәннатты сұраса, жаннаттың өзі: «Уа, Алла! Оны жәннатқа кіргізгейсің», – дейді. Ал кім тозақтан үш рет сақтанса, тозақ: «Уа, Алла! Оны тозақтан құтқарғайсың», – деп тілейді», – деді», – деген. Рабиға ибн Кәғб әл-Әсләми (Аллаһ оған разы болсын): «Бірде Алла елшісімен (с.а.с.) бірге түнедім де, таң атқанда дәрет алатын суы мен керектілерін апарып бердім. Сонда ол (с.а.с.) маған: «Сұра!» – деді. Мен: «Өзіңмен бірге жаннатта болайын», – дедім. Ол (с.а.с.): «Басқасын сұра», – деді. Мен: «Сұрайтыным сол», – дедім. Сонда ол (с.а.с.): «Олай болса көбірек сәжде жасау арқылы маған көмектес», – деді», – деген. Бұл ардақты сахаба Рабиғаның (Алла оған разы болсын) көрегендігін, ең биік мақсаттарға деген ұмтылысының күштілігін, табандылығын көрсетеді. Аталған мақсаттың әркім қол жеткізе алмайтын асқақтығын білген Алланың елшісі (с.а.с.) оған көп сәжде жасауды, сан мәрте намаз оқуды бұйырған. Бірде Сәубан (Алла оған разы болсын) Пайғамбардан (с.а.с.): «Егер істесем сол арқылы Алла мені жәннатқа кіргізетін амалды айтшы», – деп сұрайды. Басқа риуаятта: «Алла үшін ең сүйікті амалды айтшы», – деген. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Көп сәжде жаса! Сен Аллаға сәжде жасаған сайын Алла сол арқылы сенің дәрежеңді биіктетіп, қателіктеріңді кетіреді», – деген.

4. Алладан кешірім және дүние мен Ақыреттің есендігін сұрау

Аббас ибн Абдулмутталиб (Алла оған разы болсын): «Бірде Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі! Алладан нені сұрайтынымды үйретші», – дедім. Ол (с.а.с.): «Алладан есендік сұра», – деді. Бірер күн өткен соң қайтадан барып тағы да: «Уа, Алла елшісі! Алладан нені сұрайтынымды үйретші», – дедім. Сонда ол (с.а.с.): «Ей, Аббас! Ей, Алла елшісінің көкесі! Алладан дүние мен Ақыреттің есендігін сұра», – деді», – деген. Әбу Бәкір Сыддық (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) мінберде тұрып: «Алладан жарылқауды және есендікті сұраңдар. Яқиннан (шүбәсіз сенімнен) кейін ешкімге есендіктен қайырлы ешнәрсе берілмейді», – деді», – деп айтқан.

5. Алла Тағаладан дінге беріктік пен әрбір істің қайырлы аяқталуын сұрау

Буср ибн Әбу Арта (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла! Күллі істеріміздің ақырын қайырлы етіп, дүниенің абыройсыздығы мен Ақыреттің азабынан сақтай гөр!» – деп дұға қылғанын естідім», – деген.

6. Алладан нығметтерін үзбеуін сұрап және олардың жоғалуынан сақтану

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла! Ісімнің негізі болған дінімді жақсарта гөр, тіршілік орным (болған) дүниемді жақсарта гөр, қайтатын жағым – Ақыретімді дұрыстай гөр! Дүние тіршілігімді әрбір қайырлы істерімді көбейтетін орын ет, өлімді әрбір жамандықтан құтылатын демалыс ет!» – деп дұға етті», – деген. Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісінің (с.а.с.) бір дұғасы: «Уа, Алла! Өзіңнің атыңмен маған берген нығметіңнің жойылуынан, есендігіңнің өзгеруінен, жазаңның кенеттен келіп қалуынан және барлық ашуыңнан панаңды сұраймын», – деген болатын», – деген.

7. Алланың атымен бәленің күштісінен, бақытсыздықтан, қиын тағдырдан және дұшпандардың табасынан сақтану

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) қиын тағдырдан, бақытсыздықтан, дұшпандардың табасынан және бәленің күштісінен сақтанатын болған», – деген.

Түйін: Пенде әрбір дұғасында осы аталған ең басты әрі маңызды істерді қаперінен шығармай, Ұлы Жаратушысынан жалбарына сұрауы қажет. Сондай-ақ ол дұғасында өзіне, ұрпақтарына және күллі мұсылмандарға ізгілік тілеуі керек.

материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: