«Жеті аспанды қабат-қабат етіп жаратқан – Сол (Алла). Әр-Рахманның жаратуында ешбір кемшілікті көрмейсің. Қайта көз салшы, қандайда да бір сәйкессіздік көре аласың ба?! Содан кейін де көзіңді қайта сал. Көзің саған қажып, талған күйде қайтады». («Мүлк», 3-4-ші аяттар).
Расымен де, айналаның бәрі – Алла Тағаланы еске салушы, танытушы. Тіпті, адамның өз жаратылысы – Алла Тағаланы танып, құлшылық етуге жеткілікті мұғжиза. «Әрі айқын сенушілер үшін жерде белгі-дәлелдер бар және сендердің өздеріңде де. Көрмейсіңдер ме?» («Зәрият» сүресі, 20-21 аят).
Жаңбырдың жаууы, бұлттың көшуі, атқан таң мен батқан күн, ұшқан құс, жүгірген жәндік, тіпті бізді алдап қойған жаңа технологиялардың өзі – Аллаға шүкір етіп, құлшылық жасауға шақырады. Неге? «Ал Алла сендерді де, сендердің жасап жатқандарыңды да жаратқан». («Саффат» сүресі, 96-аят).
Осының бәрін ой елегінен өткізіп, жүрегіне жеткізген адам: Ақиқатында, аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің ауысуында ақыл иелері үшін белгілер бар, солар Алланы түрегеп тұрып, отырған күйі және жамбастап жатып еске алады әрі аспандардың және жердің жаратылуы жайында ойланып: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың! Сен (барлық кемшіліктен) пәксің! Бізді От (тозақ) азабынан сақта!» дейтіндердің қатарынан табылуға асығады.
материал «Иманды арттырудың жолдары» кітабынан алынды,
ummet.kz