02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Иманды арттыру жолы: Көп тамақ, көп сөз, көп ұйқыдан тыйылу

Иманды арттыру жолы: Көп тамақ, көп сөз, көп ұйқыдан тыйылу

Иман келтіру

Шектен тыс тамақ – құлшылыққа кедергі келтіреді.

 «Ауру – астан», «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» деген даналық сөздерде үлкен мән бар. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра, белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» деген болатын. (Тирмизи). «Мұсылман тамақты көтеріп жүрмейді, тамақ оны көтеріп жүреді». Яғни, мұнан шығатын қорытынды – адам жүріп-тұруы, құлшылық жасауы үшін жеткілікті асты жегені абзал. Артық астан денсаулыққа да, ақыл-ойға да, құлшылыққа да зиян бар. Аз тамақ жеу, қарын ашқанда ғана тамақ жеу, үйлесімді тамақ жеу деген қағиданы ұстансақ ұтылмайтынымыз анық. 

«Мұсылман адамның исламнан алған ең ізгі қасиеттерінің бірі – бос сөзден арылу» (Бұхари). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне: «Кімде-кім Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деген тамаша өсиет қалдырды. (Бұхари, Муслим). Яғни, мұсылманда тілмен болатын қарым-қатынастың екі ғана түрі бар: жақсы сөз сөйлеу және үндемеу. Пайғамбар тағы бірде: «Жақсы сөйлеп, игілікке жеткен немесе үндемей қалып құтылған адамға Алланың кешірімі болсын!» деп дұға жасайды. (Тирмизи) Ал, Хазіреті Лұқман Хакім: «Сөйлеу – күміс болса, сөйлемеу – алтын» деп қалай орынды айтқан! Таразылар болсаңыз, көп күнәнің, көп қателіктің – тілден, артық сөзден екендігін анық байқайтын болар едіңіз. «Кім көп сөйлесе – жиі қателеседі, кім жиі қателессе – күнәға көп батады, ал кім көп күнә жасаса – Тозаққа көбірек лайықты» (Омар ибн әл-Хаттаб). Сол себепті, тілді тыя білу – күнәдан арылудың әрі иманды сақтаудың бір жолы.

Көп ұйқы – уақыттың қадіріне жетуден қалдырады. Мұсылманның ұйықтау тәртібі: ерте жату және ерте тұру. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Құптан намазының алдында ұйықтауды, Құптан намазынан кейін сөйлескенді ұнатпаған. Таласымыз жоқ, ұйқы – тәтті, нәпсіге жағымды нәрсе. Бірақ, нәпсімен күрес екі әдіспен жүргізіледі: бірі – беріп күресу, екіншісі – тыйып күресу. Қысқасы, мына қағида сізге пайдасын берері хақ: Ерте жатқан адам түнгі намазға да тұрады әрі таң намазын сергек оқиды, күндіз де күш-қуатты жүреді. Ерте жату арқылы артық қыдырыстан, бос әңгімеден, ғаламтор мен әлеуметтік желі құрсауынан босайсыз. Ал кеш жатқан адам жоғарыда аталған құлшылықтың ешбіріне тиянақтылық таныта алмайды әрі күндіз ұйқылы-ояу күй кешеді. 

материал «Иманды күшейтудің жолдары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: