Зікірдің үш түрлі деңгейі бар.
1. Ашық зікір. Мысалы: «Субханаллаһ, уәл-хамду лилләһ, уә лә иләһә илләллаһу, уаллаһу әкбар (Алла (кемшілік атаулынан) Пәк, барлық мақтаулар Аллаға тән, Алладан басқа құдай жоқ, Алла Ұлы)», – деп Алла Тағалаға мадақ айту.
Немесе: «Раббәнә заләмнә әнфусәнә уә илләм тағфир ләнә уә тархамнә ләнәкунәннә минәл-хасирин (Раббымыз! Біз өзімізге зұлымдық жасадық. Егер бізді кешірмесең және мейіріміңе бөлемесең қасіретке ұшырағандардан боламыз)»; «Я Хайю, я Қайюм! Бирахмәтикә әстәғис (Уа, Тірі! Уа, Меңгеруші! Сенің мейіріміңмен көмек сұраймын)», – деген сияқты дұғаларды айту.
Я болмаса: «Алла менімен бірге, маған назарын салады және менің куәгерім», – деген секілді Алланың қатысуын еске салатын сөздер айту. Мұндай сөздер жүректің саулығына игі ықпал жасайды, Алламен қатынастың әдебін үйретеді, бейқамдылықтан абай болуға және Алла атымен шайтан мен нәпсінің кесапаттарынан сақтануға итермелейді. Пайғамбардың (с.а.с.) зікір-дұғалары да аталған үш түрді қамтыған. Оларда Аллаға мадақ та, дұға-тілекке жүгініп, ашық түрде сұрау да бар. Сонымен қатар ондай дұғалар жүректің саулығын, бейқамдылықтардан абай болуды, нәпсінің азғыруы мен шайтаннан Алланың атымен қорғануды да түгел қамтыған.
2. Жасырын зікір дегеніміз – тек жүрекпен зікір ету. Бейқамдылық пен ұмытудан арылып, жүрек пен Раббының арасында болатын пердені ысырып, зікірді жүрекке құдды Алланы көріп тұрғандай етіп орнықтыру.
3. Хақиқи (шынайы) зікір дегеніміз – Алла Тағала Өзінің пендесін есіне алуы. Бұл туралы Құранда: «Енді Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де қарсы болмаңдар» («Бақара» сүресі, 152-аят). Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Тағала: «Мен пендемнің Мен туралы ойлағанындаймын. Ол Мені есіне алса, Мен де оны есіме аламын. Мені іштей есіне алса, Мен де оны іштей есіме аламын. Ол Мені көпшілік арасында есіне алса, Мен де оны одан да жақсы көпшілік арасында есіме аламын. Ол Маған бір сүйем жақындаса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын. Ол Маған бір шынтақ жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Ол Маған аяңдап келсе, Мен оған асыға басып жетемін», – дейді», – деген (Әл-Бұхари, Муслим).
материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,
ummet.kz