Намазға байланысты уағыз немесе насихат айтыла бастаған кезде, кейбір кісілер дереу қарсы шығып:
«Бауырым, сен менің жүрегіме қара. Менің жүрегім таза. Ешбір жанға жамандық ойламаймын», – дейді.
Осылай айтқан адамдар, шын мəнісінде Раббымыздың əмірлері мен дініміз Ислам жайлы көп ештеңе білмейді. Ең əуелі «Менің жүрегім таза» деп мақтану, тəкаппарлану жəне намаз оқитындарды жүрегі лас деп көру – үлкен қателік. Себебі дініміз қарапайым болуды, əсте тəкаппарланбауды əмір етеді. Жүрегінің таза екендігін əркім өзі емес, олар туралы басқалар айтуы керек. Адам баласы əлбетте өз-өзін жақсымын деп ойлайды.
Нағыз жақсылық – басқа адамдардың оны мақтауында. Негізгі тақырып мынау: намазды əмір еткен – Раббымыз жəне оны бізге үйреткен – Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм). Ешбір аят, хадисте «Уа, жүрегі лас болғандар, намаз өтеңдер! Жүрегі таза болғандар, сендер жайланып жата берулеріңе болады» деген əмір жоқ. Намазға байланысты барлық əмірлер – мүміндер мен мұсылмандар үшін. Тіпті жүрегіңіз таза болса да көп намаз оқуыңыз керек.
Бұл дүниедегі жүрегі ең таза адам – Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм). Ешбір жанға жамандық ойламаған, тіпті жанына қауіп төндірген дұшпандарын да кешірген. Солай бола тұра ең көп намаз оқыған да Пайғамбарымыз еді. Пайғамбарымызды үлгі ете отырып мынаны айтуға болады: «Кімнің жүрегі таза, иманы қуатты, бойсұнушылығы артығырақ болса – сол адам намазды ең көп оқиды».
Сондықтан «жүрегім таза» деген сылтау – ешбір шындыққа жанаспайтын нағыз адасушылықтың дəл өзі.
материал «Таң намазына тұрғың келсе...» кітабынан алынды,
ummet.kz