«Біліңдер! Шын мәнінде, дүние тіршілігі – бір ойын, ермек, сән және өзара мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана. Мұның мысалы: өсірген өсімдігі кәпірлерді таңырқатқан жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Ақыретте қатты азап әрі Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде, дүние тіршілігі – бір алданыштың ғана нәрсесі» ("Хәдид", 20).
Алаңдаулы жүрек, шашыраңқы ой, шаршаңқы дене, ми ашу, әр адаммен әртүрлі қарым-қатынас құру, әрқайсысының тілін табу, асығып-үсігу, ешнәрсеге үлгертпейтін сырғыған уақыт, бітпейтін сынақ, әйтеуір бір күйбең тіршілік. Міне, бұл – бес күндік жалған дүниенің ылаңы, шынайы кейпі. Жалған болса да, дүние ақыреттің адамдарын өзіне тартып, соңынан жүгіртіп қоюға дайын тұрады. Тіпті, сақтанбағанды туралықтан тайдырып, ақыретті ұмыттырып, ақиқат пен шариғаттан алыстатуға да шамасы жетеді. Дүние тәтті, көздің жауын алатын жылтыраққа толы, аңдамағанды арбап алатын сиқырлы. Уақытша қызығы мен ләззаты үшін тұтастай бір адамның ғұмырын жұтып қоятындай аждаһа. Дүние үшін талай жүрек кірлеп, талай кеуде бос қалған. Дүние үшін жақын алыстап, алыс бір-біріне жауыз болған.
Дүние үшін талай жазықсыздың жаны алынып, дүние үшін талай жүрек ауырған. Дүние үшін тыныштық ұрланып, жан жайлылығы жойылған. Дүниенің шынайы кейпі мен қалай дұрыс байланыс құрудың ретін бізге Құран аяттары мен хадистер үйретеді. Сондықтан Алла мен Елшісінің сөздерін жиі еске алып, оқып тұру адамның дүние сиқырына арбалған көзін ашады, құндылықтарын реттейді. Пайғамбарымыздың мына хадисі бес күндік жалған өмірдің құнсыз екенін көрсетіп береді: «Егер де дүниенің Алла Тағаланың құзырында масаның қанатындай қадірі болатын болса, дінсізге бір жұтым суды да бермеген болар еді». Ал енді осындай түк құны жоқ дүние уайым шегуге, қайғыруға, бір-бірімен қырылуға тұрады ма?! Одан бөлек, Алла Елшісінің үмметіне қалдырып кеткен дұғаларының біршамасында Алла Тағаладан дүниеге арбалудан, алданудан қорған сұралады: «Дінімізбен сынай көрме және дүниені басты уайымымыз етпе әрі оны біліміміздің жеткен жері етпе…»
Міне, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүние және ондағы арбаушылармен дәл осындай қарым-қатынаста болды. Дүниені мәңгілік тұрақ емес, өтпелі кезең ретінде қараған адам ғана оны бақытты өткізе алады. «Міне, сонда кімде-кім азғындап, шектен шыққан әрі дүниенің қу тіршілігін артық көрген болса, онда, шүбәсіз, оның ақыр соңында барып паналайтын жері сол жалын атқан жәһаннам болмақ!» ("Нәзиғат", 39).
Айналамызға қарасақ, көп адам дүниенің ләззатының құрбанына айналып үлгерген. Дүние үшін діні мен ақыретін сатуға дейін баруда. Ақылды адам ақыреттің қамымен өмір сүреді. Құранда айтқандай: «Бұл дүние тіршілігі – бір ойыншық, ермек қана. Күдіксіз, ақырет жұрты – анық тіршілік. Әттең! Олар білсе» ("Анкәбут", 64).
Яғни, дүние өмірі ойын мен ермекке толы. Олай болса, қай жолда жарысып, қай нәрсеге ұмтылып жүргеніңе мән бер. Тақуалық үшін жарысып жүргендердің қатарына қашан қосылмақсың?!
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz