Олар: «Егер бұл ұрлық қылса, әрине туысы да бұрын ұрлық қылған болатын» деді. Сонда Юсуф ол сөзді жүрегінде сақтап, оларға әшкерелемеді. (Ішінен): «Сендер тағы жаман орындасыңдар. Алла айтқандарыңды жақсы біледі», – деді» ("Юсуф", 77).
Барлық нәрсеге килігіп, орын алған жайттың барлығына жіпке тізген моншақтай бірін қалдырмай арнайы тоқталу шарт емес. Себебі елемеу, білмегенсіп өткізе салу кейбір мәселелердің емі болады. Адамдармен қарым-қатынас кезінде мына басты қағидаларды ескерген жөн. Әр адам мінезімен, түсінігімен, қабылдауымен әртүрлі. Басқаны қуантқан нәрсе екіншісін мұңайтуы, бірін тыныштандырған нәрсе екінші адам үшін мазасыздық болуы мүмкін. Әркімнің жай-күйі, өскен ортасы мен өмір сүріп жатқан жағдайы да бір-біріне ұқсамайды. Ақылды адам көпшілікпен, қоғаммен араласқанда бұл нәрселерді міндетті түрде ескереді. Қарым-қатынасты жандандыру немесе дамыту кезінде көмекке келетін үлкен бір өнер, бәлки дағды бар. Ол – елемеу. Ол – жаны таза, арғы жағында ешбір арамдығы жоқ даналық пен кең түсінікке ие азаматтың ісі. Ал тарыдай болған қателікке келгенде көрегенділік танытпау, түймедейді таудай дауға айналдыру – көкірегі соқыр, ақыл-парасаты толықпаған адамның ісі. Елемеуге тырысу, істі даурықтырмай жылы жауып қоя салу қарым-қатынастың үзіліп, жақын жандардың бірбірінен суып кетуінің алдын алады.
Елемеу – басқалардың қате-кемшіліктеріне көз жұму, әлсіздігін бетіне баспау, шалыс басқанын аңдымау, бұрыс қадамын бірден кешіріп жіберіп, білмегендей бұрынғыша еш реніш, ызасыз қарым-қатынасты жалғастыру. Бұндағы мақсат – басқаларға жұмсақтық пен кеңдік танытып, қаттылық пен талапты әр адамның өз-өзіне қоюы. Расында, кемелдікке ұмтылған жан басқалардың қателікке баруын пенделерге тән қалыпты құбылыс деп қабылдап, өзінің ғана қателігіне қырағы әрі өзіне ғана сыншыл болады. Алла Тағала айтқандай: «Кешірім жолын ұстан әрі оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ, білместерден бет бұр» ("Әғраф", 199).
66 Аслан Орақбаев Елемеу – өмірлік басты өнер түрлерінің бірегейі, өмірдің сапасын арттырып, дау-дамайдың, кикілжіңнің бетін қайтаратын құрал. Бірде Ахмад ибн Хәнбалдан бір кісі: «Амандықты қайдан табамыз?» – деп сұрапты. Сонда: «Амандықтың тоғыздан бірі сүрініп кеткен қателіктерді елемеуде», – дейді де, сөзін одан әрі жалғап: «Тіпті, елемеу – амандықтың барлық бөлшегі», – деген екен. Басқаның қателігін елемеу адамға разылық сезімін алып келеді. Ондай адам сәйкесінше, басқаның кішкентай жетістігінің өзіне қуана алады. Жаны тыныш, жүзі жадыраңқы келеді. Көршімен де, туыс-туғанмен де, дос-жаранмен де тату болады. Көркем мінездің бұл дағдысының озық үлгісін әлбетте Алла Елшісі үмметі үшін қалдырып кетті. Құранда былай келеді: «Сол уақытта Пайғамбар жұбайына берген сырды ол басқаға хабарлап қойған сәтте Алла оны Пайғамбарға білдіреді. Бірақ Пайғамбар жұбайына оның кейбірін білдіріп, кейбірін білдірмеді. Сонда оны жұбайына білдірген сәтте ол: «Бұны саған кім білдірді?» – дегенде, Пайғамбар: «Маған толық білуші, әр нәрседен хабар алушы Алла білдірді», – деді ("Тәхрим", 3).
Яғни бірде Алла Елшісінің жұбайы Хафса анамыз Пайғамбарымыздың айтқан сырын басқаға айтып қояды. Бұл жағдайды Пайғамбарымыз уәхи арқылы хабар алып біліп қалады. Дегенмен жұбайының бұл қателігі үшін Пайғамбарымыз жұбайын көп сөзбен сөкпейді. Аятта «Бірақ Пайғамбар жұбайына оның кейбірін білдіріп, кейбірін білдірмеді» деп келгендей ол тақырыпты жылы жауып қойып, басынан аяғына дейін айтып, қайта қозғамады. Осы жайт арқылы Алла Елшісі үмметіне жақындарымен үйлесімді қарым-қатынасты қалай сақтап қалу керектігін үйретіп кеткендей.
Одан бөлек бала күнінен Пайғамбарымызға қызмет еткен сахаба Әнәстың да мына сөзі тақырыбымызға арқау болады: «Алла Елшісіне он жасымнан бері қызмет еттім. Алламен серт, еш уақытта маған «Уф» деген емес. Тіпті, маған бір шаруа үшін: «Мынаны жасамағансың ба?» – деп, болмаса: «Мынаны жасамағаның не?» – деп айтып көрген емес», – дейді. Яғни бұл жерден Пайғамбарымыздың қызметіндегі сахабаларының кейбір нәрселерін елемей, көз жұмып қарай салатынын білеміз. Себебі жасы кішкентай бала қалай болғанда да тапсырылған жұмысты атқару барысында қателік жібереді, болмаса есінен шығып орындамай қояды. Бұл хадис қызметші жас Әнәстың кемелдігін емес, қызметтегі адамдарына жұмсақ қарайтын, мейірімді, мол түсінікті әрі дана Пайғамбарымыздың кемелдігін көрсетеді.
Тақырыптың басында да Юсуф пайғамбардың бауырларымен болған оқиғасы туралы айтылып кеткен болатын. Бауырлары Юсуфқа жала жапқанда Юсуф оларға қанша налыса да, іштен тынып, ішінен: «Не десеңдер де, дәл қазір сендердің жағдайларың тым мүшкіл», – деп қана қойды. Яғни туыстық байланысты жалаға жауап беруден жоғары қойды.
Өзгенің кемшілігін теру – нәпсі дертінің бір түрі. Бұл дерттен аулақ болудың бір жолы – өзгенің кемшілігіне келгенде жеңіл қарау, кешіріп жіберу, шама келсе, елемей, қателігін ақтап алу. Елемей қалудың тілін үйрен. Расында, бұл – сыйластықты сақтап қалатын, жүректерді одан әрі жақын байланыстыратын сиқырлы тіл. Екі жақынның арасын суытатын айып атаулының пердесі. Кімде-кім бұл тілді жетік білсе, санасы сау, жүрегі тыныш, қарым-қатынасы баянды әрі ғұмырлы болмақ.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz