Шәкірт өзін қинай бермеуі де керек. Қажыр-қайратын баяулататындай дәрежеде өзін қалжыратпауы тиіс. Керісінше, өзіне жұмсақтық танытқаны жөн.
Өйткені жұмсақтық – барлық нәрсенің үлкен негізі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл дін берік. Оған жұмсақтықпен бойлаңдар және Алла Тағалаға құлшылықты өздеріңе ауырлатып алмаңдар. Өйткені қиналған жан жолда да жүре алмайды, көлікті де жауыр (өлтіреді) қылады», – деген. Сол сияқты, пайғамбар (с.ғ.с.): «Нәпсің – сенің көлігің, оған жұмсақ бол», – деген.
Мұнымен бірге, білім іздеушінің үлкен мақсаты болуы керек. Өйткені үлкен мақсаты бар адам құс секілді қос қанатымен ұшқандай самғайды.
Әбу Таиб:
Ниетке сай мақсат та орындалар,
Қал-қадірі адамның содан болар.
Ұсақ-түйек көзіне кішілердің
Үлкен болып көрінер, түсінер кім?
Ал үлкеннің көзіне істер үлкен
Кіші болып көрініп, түспес мүлдем.
Өлең жолы:
Әрбір ілімге құштар бол, кемелдікке жетерсің,
Жалқау болып, шектелме бір іліммен сен.
Бал арасы жинайды әр жемістен,
Осы ақиқатты біл, шам мен балды.
Шамның берер шуағы бар,
Бал – шипа, емдейді науқасты.
Ей, білім іздеуші! Сен атқа мінген адамсың, қалғандары жай жаяу жандар. Сенің ілімің қорғаушың. Адамдар қиямет күні жалаңаш күйде тіріледі. Ал, сен білім нұрына оранған (киінген) боласың. Әр нәрсе үшін бір мінбер қойылады, ал ғалым Аршының астында отырады.
Ей, білім іздеуші! Тақуалық жолын ұста, Тамақты азайт, ұйқыны қой, – деп айтылған екен.
Ей, білім іздеуші! Түнде және күндіз ынталы бол. Өйткені білім алу ынта-жігер және дәрісті қайталаумен игеріледі.
материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды,
ummet.kz