Жұма сайын әрбір мұсылман оқитын «Кәһф» сүресіне үңілсек те, «Жақсылық Алланың таңдауында» деген ұлы ақиқатқа мысал болатын біраз оқиғаларды таба аламыз.
Мысалы, Қызыр ата Мұса пайғамбарды өзінің қасына серік етіп шыққанда да Мұса сырттай жағымсыз, бірақ артында көп жақсылық бар дүниелердің мән-жайын түсіне алмады. Баланы өлтіру, кемелерді бұзу, қисайған қабырғаны түзеу осының бәрі Мұса үшін түсініксіз жағдайлар еді.
Бірақ барлық хикмет Алланың билігінде. Қызыр ата Мұсаға оның бәрінің мәнісін түсіндіріп бергенде ғана Мұса сондай жағдайлардың не үшін болатынын ұғынды. Әрбір нәрсе бір нәрсеге себеп болады. Кемелердің бұзылуы сол кемені күнкөріс көзі ретінде пайдаланып отырған міскін балықшыларға қайыр болды, кемелері өздерінде қалды.
Баланың өлімі ата-анасын дінсіздіктен, құқықтарының тапталуынан сақтап қалды. Қабырғаның түзелуі екі жетім баланың қазынасының балиғатқа жеткенше сақталуына себеп болды.
Сый – сынақпен бірге келеді. Кейбір тыйымда сыйлық бар. Жеңілдік қиындықпен жанаса болады. Қараңғылықтан кейін қылаң беріп жарық шығады. Құран мұсылманды осылай тәрбиелейді. Алланың тағдырына разы болуға үйретіп, адам жүрегіне тыныштық пен рахат алып келеді.
Көңілге тек жақсылық ойлау әдетін егеді. Сен де, мұсылман бауырым, басыңа қиындық келіп, қара бұлт шекеңде тұрғандай күйде болсаң да, қысылтаяң жағдайға ұшырап, тығырыққа тірелген шарасыз жағдайда тұрғандай сезінсең де, Құранда баяндалған осы оқиғаларды ойла. Алла Тағаланың мына сөзін есіңе ал: «Алайда бұл оқиғаны өздерің үшін жамандық екен деп ойламаңдар. Керісінше, ол сендер үшін қайырлы болмақ» ("Нұр", 11).
Жақсылықтың бәрі Алланың жазғанында екенін ұмытпа. Өзіңнің пайымыңның шектеулі, біліміңнің тар екенін есте ұста. Себептердің Себепшісі де Алла екенін естен шығарма. Оған ғана тәуекел ет. Мақсаттарыңа жету үшін белгілі себептерді орында да, қалғанын Аллаға тапсыр. Болып жатқан барлық нәрсе Алланың мейірімімен, рахметімен болатынын ұмытпа. Оның мейірімінің көрінісі – пенде кемеліне келіп, барлық жақтан толысып, жетілуі үшін Оның әртүрлі сынақтар беріп, пендені шыңдауы. Адам сол арқылы жетіліп, кемел тұлғаға айналады.
материал Аслан Орақбайдың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz