Ұстазымыз шейх Бурһанаддин (р.а.) дәрісті бастауды сәрсенбі күнге қалдыратын. Бұл жөнінде бір хадисті риуаят етіп, дәлел қылушы еді.
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сәрсенбі күні басталған іс, әлбетте, соңына жетеді», – деп айтқан.
Әбу Ханифа (р.а.) да осылай жасайтын. Имам Ағзам бұл хадисті (санадпен) өзінің ұстазы шейх ұлық имам Қаууамаддин Ахмад ибн Абдурашидтен (р.а.) риуаят етіп: Сенімді кісіден естігенім бойынша, Әбу Юсуф әл-Һамадани (р.а.) әрбір жақсы істі сәрсенбі күні бастайтын. Өйткені сәрсенбі күні нұр жаратылған. Бұл кәпірлер үшін сәтсіз, мұсылмандар үшін берекелі күн болып табылады. (Әсілінде, барлық күндер Алла тағала құзырында тең. Және кейбір күндер мен уақыттарды сәтті не сәтсіз деуге дінде ешбір дерек жоқ).
Енді дәрісті бастағандағы сабақтың мөлшеріне келсек: Әбу Ханифа (р.а.) шейх қазы имам Омар ибн имам Әбу Бәкір әз-Заранжари (әз-Зарнужиден) (р.а.) баяндайды: «Біздің машайыхтарымыз (р.а.) айтатын: «Бастаушы шәкірт үшін дәріс мөлшері оңайлықпен екі рет қайталағанда жаттап алатындай шамада болуы керек. Сосын әр күні бір сөзден қосып отырады. Сонда тіпті дәріс ұзақ болып не көбейіп кетсе де, екі қайталағанда меңгеріп алады. Дәрісті жұмсақтықпен жүргізе отырып, дәрежелеп көбейте береді. Ал, дәріс әуел баста ұзақ болса, шәкірт оны он рет қайталауға мәжбүр болады. Сондай-ақ, кейін дәріс бітуге таяғанда да осынша рет қайталауға дағдыланады. Шәкірт бұл әдетін тек көп әрекет етумен ғана тоқтата алады.
Сондықтан: «дәріс бір әріп, ал қайталау мың рет», – деп айтылған (Бұл сөздің мағынасы – аз дәріс алып, оны көп қайталау; Осыған ұқсас ғалымдардың: «Бір кітапты екі рет оқу, екі кітапты бір рет оқудан пайдалы», – деген сөздері бар)».
Білім алушы дәрісті өзінің түсінуіне оңайынан (білім түрінен) бастағаны жөн. Шейх имам ұстаз Шарафаддин әл-Ъақили (р.а.): «Бұл мәселеде мен үшін ең дұрысы – менің машайыхтарымның (ұстаздарымның) әдеті. Олар бастаушы шәкіртке кең мағынада айтылған шағын мәтіндерді таңдаушы еді (яғни қалың кітаптардың қорытынды мазмұнын қамтитын кіші көлемдегі кітаптар). Мұндай кітаптар түсінуге де, жаттап алуға да оңай. Жалықтырмағандықтан, әрі адамдар оны көп пайдаланады.
Дәрісті жаттап не көп рет қайталаған соң, оны жазып қою керек. Бұл өте пайдалы. Шәкірт түсінбеген дәрісін жазбағаны дұрыс. Бұл шәкірт табиғатына жалқаулықты дарытады. Сондай-ақ, зеректілігі жоғалып, уақытын да босқа зая етеді.
Шәкірт ұстазының дәрісін түсіну үшін ойлану, пікірлесу және көп қайталап, бар ынтасын салуы қажет. Дәріс аз болып, оны көп қайталайтын болса, сабақ түсінікті келеді. Сондықтан екі әріпті жаттау, екі қаптай (мағлұматты) естігеннен жақсырақ, екі әріпті түсіну, екі қаптай (мағлұматты) жаттаудан жақсырақ, деп айтылған.
материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды,
ummet.kz