Кейбір достық сені жәннатқа жетелесе, кейбірі жәһәннәмға тартып кетуі мүмкін.
Ондай адамның дауысы қалай шығатыны жайлы Құранда былай айтылған: «Қап, әттеген-ай, өзіме де обал жоқ! Пәленшені дос тұтпай-ақ қойсамшы!» ("Фурқан", 28).
Достың сөзі жүрекке майдай жағып, көңіліңе дем берсе, кейде мазаңды қашырып, берекетіңді кетіреді. Пайғамбарымыз ( с.ғ.с) һижрет сапарында сахаба Әбу Бәкірді
ертіп жолға шықты. Меккеліктер артына адам салып, тауып алу үшін барын салады. Бүкілі аяққа тұрған сәтте екеуі Мединеге қарай жолға шықты. Сонда сахаба Әбу Бәкір өзіне емес, пайғамбар үшін үрейленіп, қауіптеніп, қайта-қайта жан-жағына жалтақтай берді. Сол сәтте пайғамбардан жайбарақат үнмен мына дауыс естілді: «Уайымдама! Шүбәсіз, Алла бізбен бірге» ("Тәубе", 40). Осыдан кейін досының жүрегі орнығып, жаны тынышталды. Кеудесіне сенімділік сезімі орнады.
Бұдан да басқа Пайғамбарымыздың сахабаларына қатысты шынайы достыққа мысал бола алатын тарихи оқиғалары жетерлік. Ол өзін емес, қасындағы жолдасының жағдайын ойлап тұратын. Жолдасының жағдайы жақсарып, көңілі жайлануы үшін бәрін істейтін. Соның әсерімен, нәтижесінде, ислам әлемінде талай тұлғалар мен таланттар жетіліп шыққан еді. Өзіңмен жолдас болғандардың салмағы бар, сапалы адам болуына да мән бер. Тіпті олармен бір сәт бірге болуыңның өзі сен үшін ешкім бере алмайтын, еш нәрсе орнын толтыра алмайтын жағдайға жеткізсін.
материал Аслан Орақбайдың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz