Ей, Алланың құлы! Алла сенен шынайы ықыласты құл болуыңды талап етеді. Ал сен болсаң, құлдықтан бас тартып, оның керісінше болуды таңдадың. Алладан басқа нәрсеге бет бұруың құлшылықта шектен шығушылық болып саналады.
Алла қалайша Өзінен басқаға құлшылық етуіңе разы болады? Егер сен тек бір пайда үшін ғана Аллаға бет бұрсаң – Аллаға қатысты әділдік жасамағаның, ал енді Алладан басқаға жүзденсең қалай болады?!
(Яғни біз Алланы жақсы көргеніміз үшін, Алланың махаббатын, разылығын қалап немесе Оның ұлылығының алдында бас иіп, пәктеп құлшылық жасаудың орнына тек жәннатты сұрап ғибадат етсек, Алланың алдында әділдік жасамаған боламыз. Ал енді осы жәннатты сұрау арқылы Аллаға жүзденуіміз әділетсіздік саналса, Алладан басқаға құлшылық қылсақ, қалай болады?!)
Дүние – ақырет жолына жетуге тосқауыл. Ақыреттен ғана қорқып, жәннатты сұрап, тозақтан құтылуды ғана ойлап құлшылық ету шынайы Алла Тағаланың Өзіне жетуге кедергі келтіреді.
Кемшіліктеріңді адамдардан жасырып, тек өзіңе ғана білдіру – Алланың кеңшілігі. Саған дүние берілгенде шүкіршілік етпесең, бұл – сен үшін ауыр сынақ. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Дүниенің азы да ақырет жолында тосқауыл болады».
Ғалымдардың әйелдерінің бірі күйеуіне: «Менің жанымда болмауына сабыр ете алмаймын, басқаның жанында болып, сонымен уақыт өткізуіне шыдамым жетпейді», – деп еді, ғалымның жүрегіне мына бір ой келді: «Бұл әйел оны жаратпаса да, жоқтан бар етпесе де, күйеуінің жүрегін өзіне байланыс қылады. Ал Алла адамды жоқтан бар етіп, Өзі жаратқан тұрып қалайша оның жүрегін Өзіне байлауды қаламайды?!»
(Әйел күйеуін соншалықты қызғанады. Ал Алла пендесін жаратқан соң, оның жүрегі дүниемен әуре болса, Аллаға қатысты қандай мәміле жасаған болады? Алайда Алла бұл мысалдардан жоғары).
Бірде шейх Әбу Аббас әл-Мурсидің (Алла оған разы болсын) алдында болғанымда оған былай дедім: «Нәпсімде бір ақаулар бар». Шейх: «Егер нәпсі сенікі болса, онымен қалағаныңды жаса, алайда сен олай жасай алмайсың», – деді. Сосын сөзін былай жалғастырды: «Нәпсі – әйел секілді. Онымен тартыссаң, ол да сенімен тартысады. Нәпсіңді Раббысына тапсыр, Алла қалағанындай түзетеді. Бәлкім сен нәпсіңді тәрбиелее шаршаған боларсың, сонда да ол саған бойсұнбайды». Мұсылман кісі өзінің нәпсісін Аллаға тапсырады. Бұған дәлел – Алланың мына сөзі: «Күдіксіз, Алла мүміндердің жанын, малын жәннатпен айырбастап алды» ("Тәубе" сүресі, 111-аят).
Раббың сені жақсы көрсе – достарымен уақыт өткізіп, Алладан ұзақтап қалмауың үшін олардан алшақтатып қояды. Және Аллаға қайтқанша жаратылыстармен (адамдармен) байланысыңды үзіп тастайды.
материал «Тәжул-арус» кітабынан алынды,
ummet.kz