23
Сенбі,
Қараша

һижри

Ораза – сабырдың жартысы

Ораза – сабырдың жартысы

Ораза

Оразаның мұсылманға берер пайдасы өте көп. Соның бірі адам баласын сабырлылыққа, төзімділікке баулиды.

Өйткені күні бойы қарны ашса да ештеңе жемей, шөлдесе де бір жұтым су ішпей төзіп бағады. Өзіне жамандық жасағандарға «Мен оразамын» деп жауап беріп, төзімділікпен мінез-құлқын түзейді. Жүйкесі жұқарған жан ғана сабырсыз әрі шыдамсыз келеді. Тіпті, ұрыс-керіс, төбелес, қылмыс атаулының көпшілігі тез ашулану және сабырсыздық дегеннен туады. Демек  ораза атты құлшылық түрі жүйкенің тозуынан, ұрыс-керіс, айқай-шу мен қылмысқа барудан пендені алыстатып, адами қасиеттерге баулиды. Сондай-ақ ең үлкен пайдасы тозақ отына қалқан болады. Алла Елшісі  (с.ғ.с) былай дейді: «Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Бұл жөнінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы», - деген.

Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.

Рамазан әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға  бой алдырмай,  жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Бұл – қайырымдылық, мейрiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешiрiледі.

ummet.kz

Бөлісу: