28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Оразаның өзге ғибадаттардан қандай ерекшелігі бар?

Оразаның өзге ғибадаттардан қандай ерекшелігі бар?

Ораза

Хадисте: «...Алла Тағала: «Ораза Мен үшін ұсталды. Оның сауабын Өзім беремін», - деді» (Бухари, Саум, 2) делінеді.

Әуелі, Алла Тағаланың разылығы мұрат етілген әрбір ісіміз ғибадат-құлшылық санатына жататынын білгеніміз жөн. Ораза құлшылығындағы құпия сырдың мәні де осында деуге болады. Немесе ораза құлшылығына берілетін сауап Аллаға ғана мәлім. Одан періштелер де бейхабар. Өйткені, ораза – риясыз ғибадат. Адам өзге ғибадаттарын халықтың көз алдында жасағандықтан, өзгелердің әңгіме етіп, «Пәленше тақуа екен, құлшылығына берік екен...» деген сынды мақтаулар адамды желпіндіріп, өзін керемет сезіндіруі мүмкін. Міне, бұл адам баласының осал тұсы. Ібіліс шайтан да мұндай сәтте қарап қалмасы ақиқат. Ораза ғибадаты болса, Ібіліс шайтанның азғыруына төтеп беру үшін риясыз жасалатын бірден-бір құлшылық деуге болады. Өйткені, оразаны кім қалай ұстап жүр, ол жағы Жаратушы Хақ пен құл арасындағы құпия сыр ғана.

Екіншісі, адам баласы бұл дүниеде қанша көп сауапты іс істесе де, Алланың шексіз нығметтерінің қарымтасын қайтара алмақ емес. Алланың рахымына мұқтаж. Сол себепті, Алла Тағала: «Оразаның сауабын Өзім берем» деп, құлына деген рахымының шексіздігін оның риясыз ғибадат етумен байланыстырды деуге болады. Күннің ұзақтығына, ыстықтығына қарамай Алла разылығы деп оразасын ұстағн жандардан сүйіншіленген сол риясыздықты көруге болады.

Үшіншісі, Алла Тағаланың: «Оразаның сауабын Өзім берем» деген сөзінен кезкелген адам Жаратушысына жақындығын сезеді. Оған ғана ғибадат етуге ынтасы арта 55 түседі. Өзінің оразалы болуын тіршілікпен астасқан ғибадатта болуым деп ұғады. Сөйтіп, күні бойы жұмысын істей жүріп, оразасын кешке дейін аман-есен аяқтағаны үшін қуанады. Әрі ұстаған оразасын қияметте Жаратушысының дидәрін көруге апарар бірден-бір себеп деп біледі. Себебі, бір хадисте: «Ораза ұстаған адамның екі қуанышы бар. Бірі ауыз ашқан кезі. Екіншісі, қияметте Алланың дидәрін көрген сәті» (Бухари, Саум, 2) делінеді. Яғни, Алла Тағаланың дидәрін көру мәртебесі ораза ұстаған адамға тиесілі етіліп тұр.

Төртіншісі, Алла разылығы үшін ораза ұстаған адам, бойындағы нәпсісінің құмарлық сезімін әлсіретіп, өзін сабырлыққа тәрбиелейді. Осы сәтте адам бойындағы рухани күші, ар-ожданы басым орынға шығады. Әрі сәресіден кешке дейін ораза ұстап, аш жүрген адам бір тойып жейтін тамаққа зәру жандардың да хәлін түсініп, оларға деген жанашырлық сезімі ояна бастайды. Бұл қоғамдағы байлар мен кедейлер арасында өзара бауырмалдық қалыптастырып, бақытты өмір сүруге серпін беретін игілікті істердің молынан атқарылуына жол ашады.

Ораза – күнделікті күйбең тіршілік қойнауынан бүр жарып шыққан риясыз құлшылық дедік. Сол сияқты, өзге құлшылықтар да терең сенімнен қуат алып, риясыз жасалса оларға да есепсіз сауаптың берілері хақ. Ондай құлшылықтардың барлығы Алла мен құл арасындағы құпия сыр сандығы тәрізді. Негізінде, парыз құлшылықтардың қабыл болуы үшін таза ниет, ықылас шарт етіліп, бүкіл ғибадаттар Алла разылығы үшін жасалуы керектігі міндеттеледі.

Тағы айта кететін мәселе, Рамазан айында әлде кімнің, «Мен оразамын» деп жауапты ісіне селқостық танытып, жақын-туысқандарға қолғабыс тигізбеуі, көбірек Құран оқып, уақытты тиімді пайдаланудың орнына артық ұйықы немесе теледидардан футбол көру сияқты алданыш нәрселермен шұғылдануы қасиетті айдық қадіріне жетпегендік. Немесе мұны шайтан Ібілістің: «Сен ыстыққа төзіп ораза ұстап жүрсің, ұйықта, теледидар көре бер» деп азғыруы екенін ұққанымыз жөн. Себебі, Алла елшісі (с.а.с): «Кімде-кім сөзі мен ісінде жалғандықтан (алданыштан) тазармаса, Алла үшін деп ішіп-жеуден тыйылудың бір пайдасы жоқ» (Бұхари, 1804 х.), – деген.

Ескерту: Рамазан айында уақытының көбін ұйқы немесе теледидар қарау сынды істермен өткізген кісінің оразасы қабыл болмайды деуден аулақпыз. Айтпақ болғанымыз, оразаның сауабын кемітіп алудан немесе қабыл болмай қалуынан сақ болу керектігін ескерту.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: