09
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Рамазан оразасын ұстамауға кімдерге жеңілдік жасалған?

Рамазан оразасын ұстамауға кімдерге жеңілдік жасалған?

Ораза

Ислам – жеңілдік діні. Дінімізде міндеттелген құлшылықтарға байланысты жеңілдік жақтары да көптеген аят, хадистерде баян етіледі.

Рамазан оразасына қатысты жеңілдіктерге қысқаша тоқталып өтелік.

Әуелгісі, салмақты ауру немесе білікті дәрігерлердің айтуы бойынша, ораза ұстауы денсаулығына зиянын тигізетін болса, ораза ұстамауға болады. Алайда, кейін мүмкіндігі болғанда тек бір күн оразасының қазасын өтейді.

Екіншісі, шамамен 90 шақырым алыстық жолға шыққан адам жолаушы болып есептеледі. Түнде ораза ұстауға ниет етіп, күндіз жолға шыққан жағдайда, ниет еткен оразасын бұза алады. Жолаушы адам жол сапарынан қиналса, ауызын ашып жібергені абзал. Ал жол сапары өте жеңіл болса, оразасын ұстағаны абзал. Бір хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккені азат етуге бет алған сапарында, Қураул-Ғамим деген жерге барғанша ораза ұстады. Жанындағылар да тегіс ауыз бекіткен болатын. Пайғамбарымызға (с.а.с): «Оразадан жұрт қиналып кетті, бәрі не істерін білмей сізге қарауда», – деген сөзді естігенде, бір бақыр су алдырып екінті уақытында су ішті. Мұны жанындағыларға көрсетіп істеді. Оразаға жанындағылардың көбі шыдай алмағандықтан, өзі оразасын бұзып, әрі басқаларға да бұзуды бұйырды. Осыған қарамастан әлдекімдер ауыздарын ашпағандығы айтылғанда, «Олар бағынбағандар», – деді» (Мүслим) делінген. Соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) келген шариғат үкімінің мәні мен мақсаты қияметке дейін өзгермейді. Ғылым-техниканың дамуына қатысты кейбір мәселелерде жаңа үкім шығарылуы мүмкін. Алайда, дініміздің жеңілдіктері қазіргі техника дамыған кезде де сол қалпында қала бермек. Яғни, Рамазан айында жолаушы адам 100 яки 200 км жолды бұрын ат-көлікпен 3-4 күн жүрсе, қазіргі уақытта машинамен 3-4 сағат жүреді. Міне, осындай жағдайда да шариғат үкімі өзгермейді. Себебі, Жолаушы адам қарны ашып, шөлдемесе де діттеген жеріме қашан жетер екенмін, жол сапары қалай болар екен деген көңілінде күпті ойдың болары анық. Міне, бұл да өз елінде жәйбірақат жүрген адамға қарағанда бір қиындық болып саналады. Бұл жағдайда да тек бір күн оразасының қазасын өтейді.

Үшіншісі, ауруларының айығуы үміт етілмеген ауру жандар мен ораза ұстауға шамасы келмей қалған қарт кісілер, ұстамаған әр күнгі оразасының төлемі ретінде (фидиясын) бір кембағалды тәңертең, кеш тойғызады. Ал, бұл адамдар фидия төлеуге де, яғни, кедейлерді тамақтандыруға да шамалары келмесе, онда Аллаға жалбарынып кешірім тілейді.

Төртінші, ауыр аяқ әйел менбала емізіп жүрген әйелдер, ораза ұстауы өз денсаулығына немесе іштегі яки емшектегі баланың денсаулығына зияны болатындығын өзінің тәжірибесі негізінде немесе сенімді дәрігердің кеңесі арқылы пайымдаса, Рамазан оразасын ұстамай-ақ қоюына болады. Алайда, кейін ұстамаған әрбір күндерінің қазасын өтейді. Фидия берудің қажеті жоқ. Алла елшісі (с.а.с.) : «Алла Тағала жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдерді ораза ұстаудан босатқан» (Термизи, Сауым, 715.) деген.

Бесіншісі, ауыр жұмыста жүрген адамның ораза ұстау мәселесі. Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Абидин рамазан айында ауыр жұмыс істеп жүріп, ораза ұстауы өміріне яки денсаулығына қауіпті екені (дәрігердің кеңесі керек) айтылса, өзін және отбасын асырау мақсатында ораза тұтпауға болатыны айтылады. Алайда, мүмкіндігі болған уақытта қазасын өтейді. Қазасын өтеуге мүмкіндігі болмаса, підия (әр күні үшін бір міскінді тамақтандырады) береді. Кәффарат міндет емес. Рамазан оразасын ұстау да, отбасын асырау да – парыз. Бір-біріне қарама-қайшы емес. Екеуінің бірін ғана орындауға шамасы келетін кісінің тіршілігін сақтап қалуы үшін жұмыс істеуі маңызды делінеді [45, 3/226-234 бб.].

Ескерту: Ауыр жұмыстағы адам Рамазан айында жеңілірек жұмыс істеуге немесе жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндігі болып, отбасылық өміріне тікелей қиындық келмейтін болса, оразасын ұстамай қоюына болмайды.

Кімде-кім Рамазан айында ешқандай бір себепсіз оразасын бұзса, оның кәффаратын төлейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Кімде-кім Рамазанда оразасын бұзса, оған зиһар жасаған адамға тиісті (кәффа-рат) жүктеледі» деген. Яғни, зиһардың кәффаратының өлшемі «Мүжадала» сүресі, 1-4 аятында, бір құл азат ету, егер оған шамасы келмесе, екі ай үзбей ораза ұстау, егер оған да шамасы жетпесе, онда ал-пыс кедейді тамақтандыру керектігі айтылады. Бұл тек Рамазан оразасына ғана қатысты. Рамазан оразасынан тыс оразаларды бұзған адам тек қа-засын өтейді.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: