09
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Рамазан айының тәлім-тәрбиесі

Рамазан айының тәлім-тәрбиесі

Ораза

Расында, адам баласына жақсылықты Раббысы қалағандай ешкім қалай алмайды. Адам баласына жақсылықты Алла Тағала үйреткендей ешкім де үйрете алмайды.

Біздің осы дүниелік өміріміз үшін де, ақыретіміз үшін де ненің жақсы, ненің жаман екендігін Алла Тағала жақсырақ біледі. Ненің пайдалы екендігін, ненің зиянды екендігін Ол жақсырақ біледі. Алла Тағала бізге қандай да бір амалды парыз етсе, оның сырын былай деп түсіндіреді: «Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ ұнатқан нәрселеріңнің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216-аят).

Рамазан бүгінгі күні нәпсіге ғана ауыр. Ал иманға ол ауыр емес. Иман мұның бізге не үшін керек екенін түсінеді. Ораза – нәпсіні әлсірететін иманды, ықыласты, тақуалықты күшейтетін амал. Бір күн ораза ұстау арқылы мұсылман адам өзінің нәпсісін жеңе білгені үшін оған мүлдем мүмкіндік бермей, Аллаға ұнайтын халде өмір сүргені үшін Раббысы оған лайықты сый әзірлеп қойған. Рамазан айы – Алла Тағала жақын көріп тұрған қияметті біздің де жақын көруімізге көмектесетін ай. Қияметтің қиыншылығынан сақтануға өте үлкен дәрежеде мүмкіндік беріп, өте үлкен дәрежеде жеңілдік сыйлағалы тұрған ай. Алла елшісі (с.ғ.с) Рамазан айының әуелгі түні кіргенде шайтандардың кісенделетінін айтқан. Міне, Алла Тағала көзге көрінбейтін дұшпанымыздың барлығын кісендеп, тек қана бойымыздағы нәпсімен жеке қалдыруда. Енді осы нәпсіңді тәрбиелеп, онымен күресіп, жұмақты қалай қалайтыныңды көрсет. Сондай-ақ осы айдың ішінде тозақтан құтылуды қандай дәрежеде қалайтыныңды көрсет.

Жәбир ибн Абдулладан (Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) Алла Тағаланың Рамазанның әр күнгі ауызашарының кезінде тозақтан азат ететін құлдары болатынын хабардар еткен. Сондықтан таңертеңнен кешке дейін оразаны ұстаудағы мақсат-ниетіміз тозақтан азат етілген құлдардың тізіміне кіру болу керек. Егер Рамазан айында әр күні біздің уайымымыз осы болса, Алла Тағала жамандықтың күллі түрінен сақтайды.

Әбу Һурайрадан (Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с): «Рамазан айы кіріп, қайсыбір адамның күнәлары кешірілмеген түрде Рамазан кетіп қалса, абыройға қол жеткізбей, қор болды», – деп ескерткен болатын. Мұнда Алла Тағаланың құзырындағы абыройы айтылып тұр. Күллі күнәнің кешірілуі, тозақтан азат етілгендердің қатарына ену – үлкен абырой. Ал бұл нәрсеге қол жеткізбей, сол баяғы нәпсісіне еріп жүрген хәлмен өтіп кету – қорлық.

материал «Рамазан – рухани тәрбие мектебі»  кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: