Ораза ұстау балиғатқа толған мұсылманға парыз. Ол Исламдағы бес парыздың біріне жатады. Сондықтан да, өзін мұсылман санайтын әрбір жан Рамазан айында оразасын үзбей ұстап тұрғаны жөн.
Ораза бір шеті - денсаулыққа пайдалы, екіншіден - рухани тәрбие, үшіншіден - ақыретте пейішке кіруге себеп. Өйткені, Алла Тағала құдси хадисте «оразаның сауабын өзім беремін» деген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Егер адамдар Рамазан оразасының сауабы қаншалықты екендігін білгенде «жылдың он екі айы Рамазан айы болса ғой» деп тілейтін еді» дей келе, Рамазан оразасының сауабы қаншалықты зор екендігіне назар аудартқан.
Ендеше, қадірменді сауал жолдаушы, «адасқанның айыбы жоқ, қайта жолын тапқаннан соң демекші», ораза айының ортасында ауыз бекітуге ниет қылған екенсіз, оның өзі жақсылық. Сол себепті, келген жерден ұстап бастап кете беріңіз, осылайша «сауаптың бақшасы» саналатын осы бір қасиетті айдың сауабынан сіз де өз нәсібіңізді алып үлгеріп қалыңыз.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz