04
Сәрсенбі,
Наурыз

һижри

Сәресіде назар аударылатын нәрселер

Сәресіде назар аударылатын нәрселер

Ораза

Сәресіге тұру арқылы мүмін екі үлкен нығметке ие болады: біріншіден, ол осы берекелі уақыттың шарапатынан пайдаланады, екіншіден, таңғы уақытта аздап тамақтанып, күні бойғы ораза мен басқа да ғибадаттарын орындауға күш-қуат жинайды.

Сахур уақыты – жасалған ғибадаттардың Алла Тағалаға тікелей жететін уақыт. Сәресін ішу Алла елшісі тарапынан кеңес етілген, сәресіде береке болатындығына және періштелердің дұға ететіні айтылған. Ол (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай дейді: «Сәресіде берекет бар. Бір жұтым су болса да ішіп сәресіге тұрыңдар. Расында, Алла Тағала сәресіге тұрғандарға рақымын төгеді, ал періштелер олар үшін дұға мен истиғфар етеді.» (Бухари, саум 20; Ахмад ибн Ханбал, әл-Муснад 3/12, 44, 17/150)

Сәресі уақытында мән берілуі тиіс маңызды нәрселердің бірі – тамақтануды мүмкіндігінше уақыттың соңына қалдыру. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үмбетіне деген мейірімі мен қамқорлығының белгісі ретінде сәресіні кешіктірудің абзалырақ екенін айтқан. Себебі, бұл арқылы ораза кезінде аш жүрілетін уақыт азаяды, әсіресе қарттар мен науқастар үшін төзімділік жеңілдейді. Сондай-ақ, сәресіні тым ерте ішу адамды ұйқыға жетелеп, салдарынан таң намазын өткізіп алуына себеп болуы мүмкін. Ал таң намазына жақын уақыттағы сәресі, керісінше, намазды уақытында оқуға мүмкіндік береді. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген: «Үмбетім ауыз ашуды тездетіп, сәресін кешіктіруін тоқтатпайынша жақсылықта болады.» (Ахмад ибн Ханбал, әл-Муснад 5/147; Табарани, әл-Му’жамул-кабир 25/163)

Сонымен қатар, сахаба Зәйд ибн Сабит (радияллаһу анһ) сәресі мен таң намазы арасындағы уақыт ұзақтығына қатысты былай деп риуаят еткен: «Біз Алла Елшісімен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге сәресі іштік, содан кейін таң намазын оқыдық.» Сол кезде жиналғандардан біреу: «Сәресі мен таң намазының арасы қанша уақыт болды?» – деп сұрады. Зәйд (радияллаһу анһ): «Елу аят оқитындай уақыт.», - деп жауап берді.

 

материал «Оразаның пайдалары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: