Рамазан айының бауырмалдық пен достыққа қатысты қыры бар. Адам ораза арқылы тамақ таба алмай жүрген кедейлердің жағдайын ойлап, аштық кезінде олардың күйін әлдеқайда жақсы түсінеді.
Бұл сезім оның жомарттық қасиеттерін жандандырады. Дәл осы сезімнің күшеюі нәтижесінде мұсылмандар жасағалы тұрған түрлі қайырымдылық істерін, әсіресе, Рамазан айында атқаруға ерекше мән берген. Адамдар дүние-мүлік тұрғысынан тең емес. Біреулер дүниеге келісімен-ақ молшылыққа кенелсе, ал енді бірі өмір бойы еңбек етсе де, материалдық жағдайын жақсарта алмайды.
Әр екі жағдайдағы адамдар да Алла Тағаланың тарапынан сынаққа ұшырауда. Алла Тағала байлық бергендерді өз еркіне қалдырмай, оларға зекет, садақа, ұшыр сияқты жолдармен кедейлерге көмектесуді міндеттеген. Бай адамның жәрдем қолын созып, мұқтаждарды көріп, қамқорлық көрсетуі – оның жағдайды өз басында сезінуімен ғана шынайы болады. Байдың бұл сезімге келуіне әсер ететін құлшылық – ораза.
Ораза, өмірін ең дәмді тағамдармен өткізетін, тіпті аштықтың не екенін білмейтін бай адамға белгілі бір уақыт аралығында аштық пен шөлді бастан кешіруді үйретеді. Осылайша, ол аштық пен сусыздықтың қандай қиындық екенін өз басынан өткеріп түсінеді. Бұл сезім оның жүрегінде мұқтаж жандарға деген жанашырлық пен мейірімділікті оятып, олардың жағдайын шынайы сезінуіне көмектеседі. Оразаның нәтижесінде бай адамдардың кедейлерге деген көзқарасы өзгеріп, оларға жәрдем беруге деген ықыласы артады.
Зәулім сарайларда өмір сүріп, молшылықта ғұмыр кешіп жүрген жандар осылайша мұқтаждықтың дәмін татып, қолындағы байлықтың өзіндік міндеті бар екенін сезіне бастайды. Олар көмек қолын созған сайын, қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдік сақталып, бай мен кедей арасындағы дұшпандық пен қызғаныш сезімдері жойылады. Кедейлер де байлардың мүлкін қорғаушы ретінде қарап, оларға құрметпен қарай бастайды.
Керісінше, егер қоғамда байлар сараң, ал кедейлер қанағатсыз болса, олардың арасында міндетті түрде әлеуметтік қақтығыстар туындайды. Бұл жағдайға тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы – адамдардың жүрегіне жомарттық, мейірімділік, шүкіршілік және тәуекел етуді сіңіру. Осы тұрғыда ораза – ең үлкен тәрбие құралы. Ол байлардың жүрегіне жомарттық ұялатса, кедейлердің бойына сабырлық, қанағатшылдық және тәуекелшілдік қасиеттерін дарытады. Осы себептен ораза ұстаған адам, өзінен төмен жағдайдағыларды көріп, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мына сөзін еске алады: “Көршісі аш болған кезде өзі тоқ болып түнеген адам (шынайы мағынада) мүмін емес.” (әл-Хаким, әл-Мустадрак 2/15)
Адам тек аш болғанда ғана аштың, шөлдегенде ғана шөлдегеннің жағдайын түсіне алады. Алла Тағаланың әміріне сай қалауларымызды тежеп, ораза ұстау, өзімізді осы бағытта тыйымға үйрету – бізді әлеуметтік өмірде мінсіз қоғамның кемел бір бөлшегіне айналдырады.
материал «Оразаның пайдалары» кітабынан алынды,
ummet.kz