23
Сенбі,
Қараша

һижри

Намаздан кейін және ұйқының алдында оқылатын дұғалар

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кедей сахабаларға үйреткен зікірі

Әбу Һұрайра әңгімелейді: «Жағдайы төмен мұһажирлер Алла елшісіне келіп:

– Байлар барлық сауапты алып, жаннаттың төріне ұмтылады, – деді.

– Мұны қалай түсінуге болады? – деді Пайғамбарымыз.

– Олар да біз секілді намаз оқып, ораза тұтып жүр. Ал садақа мен зекетке келгенде біздің қолымыз қысқа, олар секілді сауап жинай алмаймыз, – деді олар күмілжіп.

Әңгімелерінің мәнісін түсінген Пайғамбарымыз:

– Сендерге сауап жинауда сол байларға теңестірер бір сөз үйретейін бе? Егер осыны істейтін болсаңдар, мұны істемегендерден озасыңдар. Тек сендердің істегендеріңді істегендер ғана сендермен жарыса алады, – деді. Олар қуанып кетіп:

– Үйретіңіз, Алланың расулы! – деді. Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с):

– Әр намаздан соң 33 рет Сүбханаллаһ, 33 рет Әлхамду лиллаһ, 33 рет Аллаһу әкбар деп айтыңдар, – деді.

Кейін мұһажирлер қайта келіп:

– Ей, Алланың расулы! Әлгі үйреткен сөздеріңізді бай бауырларымыз да естіп алып айтып жүр ғой, – дегенде, Пайғамбарымыз:

– Байлық – Алланың сыйы. Оны қалағанына

береді, – деді»

 

Пайғамбарымыздың хазірет Али мен Фатимаға намаздан кейін және жастыққа бас қояр алдында оқитын дұғалар мен зікірлерді үйретуі

Али (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі қызы Фатиманы менімен некелестіргеннен кейін, жасауына барқыт мата, бір жастық, қол диірмені және су құятын ыдыс пен екі ожау берген еді. Бір күні Фатимаға:

– Құдықтан су тартып едім, кеудемді ауыртып алдым. Әкеңнің қолында тұтқындар көп қой. Солардың біреуін қызметшілікке сұрасаң қалай болады? – дедім.

Фатима да:

– Бұл менің де ойымда бар. Әйтпесе диірменмен ұн тартудан қолдарым әбден күлдіреп кетті, – деп әкесіне кетті. Алла елшісі Фатимадан қандай шаруамен келгенін сұрады. Ол шағымын айтуға ұялып:

– Жай, сіздің жағдайыңызды білуге келген едім, – деп келген ізімен кері қайтты. Фатимадан жағдайды сұрап едім: – Қызметші сұрауға бата алмадым, – деді. Осылайша екеуміз бірге барып сұрауға бел будық.

Мен:

– Су тартып жатып кеудемді ауыртып алдым, – деп едім, Фатима да менің сөзімді іліп алып:

– Менің де диірмен тартудан қолымды күс басып кетті. Алла өзіңізге сыйлаған тұтқындардың бірін бізге қызметшілікке берсеңіз қалай болады? – деді. Алла расулы былай деді:

– Суффа асхабын аш қалдырып, сендерге қызметші бере алмаймын. Қазір маған оларды бағып-қағудың өзі қиынға соғып тұр. Тұтқындарды сатып, соларды ішкізіп-жегізіп, киіндіруім керек. Үйге құр қол оралдық. Барқыт жамылғыны үстімізге жауып жатып қалдық. Барқытты басымызға тартсақ аяғымыз, аяғымызды жапсақ басымыз ашылып қалушы еді. Осы кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйге кірді. Орнымыздан ұшып тұрдық. Алла расулы:

– Тұрмай-ақ қойыңдар. Сендерге әлгі менен сұрағандарыңнан да қайырлы нәрсе айтайын ба? – деді.

Екеуміз де бірауыздан:

– Айтыңыз, Расулалла! – дедік.

– Мұны маған Жәбірейіл үйреткен болатын. Әр намаздан кейін 10 рет Сүбханаллаһ, 10 рет Әлхамдулиллаһ, 10 рет Аллаһу әкбар деп айтыңдар. Ал жатар кезде 33 рет Сүбханаллаһ, 33 рет Әлхамду лиллаһ, 34 рет Аллаһу әкбар десеңдер болғаны, – деді Алла елшісі (с.ғ.с).

Осыдан кейін мұны қайда жүрсем де аузымнан тастаған емеспін».

Ибнүл Кәууә Алиден:

– Сыффин оқиғасы кезінде де тастамадың ба? – дегенде, Али:

– Әрине, ол кезде де ұмыт қалдырған емеспін, – деді.

 

Таңертең және кешке айтылатын зікір

Әбу Дәрда былай дейді: «Кімде-кім таңертеңгісін немесе кеш батқанда мейлі дауыстап, мейлі ішінен жеті рет «Хасбуналлаһу лә илаһә иллә һу. Алайһи тәуәккәлтү уә һуә Раббул-Аршил-азим (Алла маған жетеді, Одан басқа тәңір жоқ. Оған тәуекел еттім. Ол ұлы арштың Раббы)» дейтін болса, Алла оны барлық қиыншылықтардан құтқарады»

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: