Пайғамбарымызға (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) уахи мына төмендегі мəртебелермен келген:
1. Уахидың ақиқат түс (Руия-и садықа) арқылы келуі. Бұл бүкіл пайғамбарларға келген уахидың ең жеңіл түрі. Пайғамбарлар ақиқат түстері арқылы уахи алған. Олардың көздері ұйқыда, ал жүректері ояу болған. Пайғамбарымызға (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) келген алғашқы уахи осылай басталған еді.
2. Уахидың жауапты періште Жəбірейіл арқылы келуі. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) жүрегіне тікелей уахидың келуі сияқты.
3. Уахиды əкелген періштенің адам бейнесінде келуі. Жəбірейіл періштенің Дыһия ибн Халифа əл-Кəлбидің (р.а.) бейнесінде келгеніндей.
4. Уахидың қоңырау үніне ұқсайтын түрде келуі. Бұл уахидың ең ауыр түрі екендігі айтылады.
5. Жəбірейіл періштенің тікелей өз бейнесінде уахи əкелуі. Жəбірейіл періштенің Хира тауында жəне Миғражда Пайғамбарымызға (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) өз бейнесінде көрінгеніндей.
6. Алла Тағаламен тікелей тілдесу. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Миғражда, Мұсаның (ғ.с.) да Тур Сина тауында дəнекерсіз Алла Тағаламен тілдескеніндей. Мінеки, сол сияқты пайғамбарлық пен уахи бір-бірінен ажырамайтын екі маңызды ұғым. Уахисыз пайғамбар жəне пайғамбар да уахисыз болуы мүмкін емес. Пайғамбар міндетті түрде уахиға арқа сүйейді.
материал «Пайғамбарларға иман» кітабынан алынды,
ummet.kz