23
Сенбі,
Қараша

һижри

Бүгін түн - қасиетті түн

Бүгін түн - қасиетті түн

Мешіт тынысы
Жарнама

19 сәуір. НҰР-СҰЛТАН. Ummet.kz - Ислам жыл санауы бойынша қасиетті Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған түн қаиетті Барағат түні болып есептеледі. Биылғы Барағат түні сәуірдің 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келеді, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

Барағат қандай түн?

Алла Тағаланың мейірімі жауып, кешірім қабыл болатын түн. Мүміндердің анасы Айша (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде Алланың Елшісі (ﷺ) түнгі намазында сәждеде ұзақ уақыт жатып қалды. Сәждеде ұзақ болғаны соншалық, мен тіпті қайтыс болып кетті ме деп қорықтым. Осы оймен төсегімнен тұрдым да бас бармағын қозғап көрдім. Саусағы қимылдаған соң өз орныма қайта келдім. Осыдан соң мен оның сәждеде жатып, былай дегенін естідім: «Иә, Раббым! Сенің азабыңнан, мейіріміңе жүгініп, үміт етемін. Мен Сенен пана тілеймін. Сені Өзің лайық болған дәрежеде мадақтай алмаймын. Сен Өзіңді сипаттағандайсың».  Осыдан соң ол маңдайын сәждеден көтеріп, намазын аяқтады. Және маған қарап; «Ей Айша,  Пайғамбар сені қалдырып кетті деп ойлап қалдың ба?», - деп сұрады. Мен; «Жоқ, Алланың Елшісі (ﷺ), сәждеңіздің ұзаққа созылғанына қарап, өмірден озыды ма екен деп қорықтым», - дедім. Осыдан соң Ол: «Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе?», - деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның Пайғамбары жақсы біледі», - деп жауап бердім. «Бұл Шағбан айының жартысы толған түн. Бұл түнде Алла Тағала құлдарына мейірімін жаудырып, кешірім тілегенді кешіріп, мейірім тілегендерге Өз мейірімін жаудыратын түн. Тек қана жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамға ол райынан қайтпағанша назар салмайды».

Кешірім түні. Басқа хадисте Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла Субхана уа Тағала Шағбан айының жартысы толған түні Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды кешіреді».

Қалб тайпасы- көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.

Алайда, Алланың кешірімінен құр қалушылар да болады екен. Мына бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Бұл түн Шағбан айының ортасы. Алла Тағала тозақ отынан Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды босатады. Алайда Аллаға  серiк қосушыға және мұсылман бауырына деген жүрегінде кегі бар адамға, сондай-ақ туыстық қарым-қатынасты үзуші мен тәкаппарлыққа салынып, етегін тобығынан төмен түсіріп киген адамға(тәкәппар, тазалығы жоқ, лас адамға), әрі ата-анасына қарсы шығушы мен шарап ішетін адамға назар салмайды». 

Муаз Ибн Жәббәлдан (оған Алла разы болсын) жеткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбан айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Теқ қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді». 

Бұл түні Пайғамбарымызға (ﷺ ) толықтай шапағат ету құқы берілген. Сонымен бірге, қасиетті Барағат түніндегі маңызды төрт  негіз:

  1. Бұл түнде жасалған құлшылықтардың (Құран оқу, намаз, дұға мен зікір, тәубе мен истиғфар) күндізгі жасалған құлшылықтардан сауабы жоғары болады.
  2. Алланың ихсаны мен шұғыласы және берекеті толы болады.
  3. Бұл түн – кешірім түні.
  4. Пайғамбарымызға (ﷺ) шапағат ету құқығы толығымен берілген түн.

Сондықтан Ислам ғалымдары бұл түнді жақсы амалдармен өткізуге кеңес берген.

Бұл түннің қасиеті жайында және қалай өткізу керектігі хақында сілтемеден оқи аласыздар.

Алла Тағала Алаш баласына Барағат түнінің берекетін нәсіп етсін.

Бөлісу: