Қырық жасында Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) пайғамбарлық нәсіп болып, ол жиырма үш жылға созылды. Пайғамбарлықтың он үш жылы Меккеде өтті. Сол он үш жылдың бастапқы үш жылында Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дінге құпия үндеді.
Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үндеуіне еріп мұсылман болған бірінші әйел зайыбы Хадиша анамыз болды. Хадиша анамыз уахи (Аллаһ Тағаланың хабары) түсе бастаған сәттен-ақ Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Хақ Тағаланың елшісі екеніне иман келтірген болатын.
Еркектердің ішінде бірінші болып Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) қызметшісі Зайд ибн Хариса пен Абу Бәкр (родиял-лаһу ъанһума) мұсылман болды.