14
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

«Қоғамдық көлікте» кетіп бара жатып намазын оқып алса бола ма?

Қаланың сыртында болуы керек, шамамен қаладан ең кемі 10-20 шақырым ұзақтықта болуы тиіс (ескілікті фиқһ кітаптарында екі фарсах ұзақтық делінеді). Жолаушы болсын, мейлі тұрғылықты болсын, қаланың сыртына шықса, көлікте оқу мүмкіндігі туады.

Ақшам намазында қаза намазды оқуға болмайды деген рас па?

Ақшам намазының уақытында қаза болған намаздың қазасын өтеуге болады. Мәселен, ақшам намазы енді кірген болса, оның алдында қаза болған асырды өтеп алып, одан кейін ақшамды оқығаны абзал.

Қаза намазынан кейін тәспі тартыла ма?

Қаза намазын оқып болғаннан кейін әдеттегідей тәспі тарту үрдісі қалыптаспаған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Хандақ» соғысында қаза болған төрт намазды сахабалармен өтеген кезінде, оларды қатарынан өтеп, арасында тәспі тартпаған еді.

Рукуғқа барғанда, рукуғтан тұрғанда қолды көтеру мәселесі

Ханафи және Мәліки мәзхабтарында намазда қол тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеріледі. Рукуғқа барғанда және рукуғтан тұрғанда қолды қайта көтерудің қажеті жоқ. Бұл жайында хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Мәлік (р.а.) былай дейді: «Намазда әр тәкбір айтқанда қолды көтеру дегенді білмеймін. Сәжде де болсын, рукуғ та болсын. Қол тек намаз басталғанда ғана аздап көтеріледі».

Бір рәкәғатта бірнеше қысқа сүре оқудың зияны бар ма?

Намаздың бір рәкәғатында екі-үш сүрені қатарынан оқудың зияны жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейде намаздың бір рәкәғатында көлемі жағынан бір-біріне жақын екі сүрені қосып оқитын кездері болған[1].