11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Суық күнде дәрет алу мәселесі

Суық күнде дәрет алу мәселесі

Намаз

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

«Сендерді Алланың сол арқылы күнәларды кетіріп, дәрежелерді көтеретін нәрсеге бағыттайын ба?» – деді. Сонда олар (сахабалар): «Әрине, уа, Алланың Елшісі!» – дейді.

Ол: «Қиын кезде дәретті толық алу, мешітке қарай көп қадам жасау және намаздан кейін келесі намазды күту. Міне сол – Алла жолында күресу» – дейді.

Ғұлама әт-Тыбби (Алла оны рақымына алсын): «Осы жердегі «қиын кезде дәретті толық алу» сөзінен мақсат – қыста суық сумен дәрет алу», – деп түсіндірме жасайды.

Осыған қатысты ғалым Бәдруддин әл-Хасанидің (Алла оны рақымына алсын) өмірінен мына оқиға риуаят етіледі: оның тақуалығының және құлшылыққа деген ықыласының бір көрінісі – ол жаз мезгіліне қарағанда қыс мезгілінде дәретті кемел етіп алуға қатты мән беретін, сондай-ақ нәпсісін рахатқа үйретпеу үшін мәсісіне де мәсіх тартпайтын. Демек машақатпен, қиыншылықта алынған дәрет күнәлардың кешірілуіне себеп болады екен.

Бұл жерде екі мәселе бар:

Біріншісі – кей адамдар қыс мезгілінде дәрет алуға жеңіл қарап жатады. Дәретті кемеліне жеткізіп алуды айтпағанда, міндетті мөлшер де орындалмай қалуы мүмкін. Мысалы: салқыннан жеңдерін толық түрмеуі өз кезегінде шынтақтың су тимеген жерінің қалып қоюына, солайша дәрет парызының толық орындалмауына әкеліп соғуы мүмкін. Яғни күн салқын екен деп дәрет алуға немқұрайлы қарамау керек. Сондай-ақ Мухаммад ибн Халифа әл-Убби (Алла оны рақымына алсын) жоғарыдағы хадистің шархында: «Ғибадатын қуаттамаққа суықтығын кетіру үшін суды жылыту хадистегі айтылған сауапты алуға кедергі келтірмейді», – дейді.

Екінші мәселе – дені сау дәретсіз адамға тәяммум соғуға бола ма? Имам әл-Қудуридің (Алла оны рақымына алсын): «Егер жүніп адам суық сумен ғұсыл алғанда «өліп кетемін» деп қорықса, тәяммум соғуына болады», – деген сөзіне Имам Абдулғани әл-Ғунайми (Алла оны рақымына алсын) түсіндірме жасай отырып, былай дейді: «Мұнда «ғұсыл» деп ерекшелеп айтты. Себебі дәретсіз адам суықтан зардап шегуден қорықса, дұрыс көзқарас бойынша оған тәяммум алу рұқсат емес».

материал «Мұсылманның көктемі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: